Ақтауда бай мен жарлы 1 метр жер үшін соттасып жатыр
Бай мен жарлының жанжалы! Ақтаудың элиталық аумағында 3 қабатты зәулім сарай мен лашықтың иелері сыйыса алмай жатыр. Көршілер арасындағы жанжал 1 метр жерді бөлісе алмаудан басталып, сотқа дейін жеткен. Коттедж иесі көршісі үйін өз сарайына тіреп салды десе, екіншісі бай көршім 1 метр жерімді тартып алды дейді. Сот сарайдың иесін жақтап, лашықты бұзуға шешім шығарғанымен, иелері өліспей беріспейміз деп отыр.
Автор: Сандуғаш Шортанова
10.12.2015
Мына жерді Мұқашевтар әулеті 16 жыл бұрын сатып алған. Сөйтіп тек биыл уақытша үй салып, қоныстанады. Енді одан да айырылып қалатын түрі бар. Себебі бай көршісімен тіл табыса алмай жүр. Зәулім сарайының қасына лашық салғаны үш қабатты коттеджің қожайынына ұнамаса керек.
Айсәуле Нұрханова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Күн беретін емес. Маған бүй дейді: сен тауықтың кепесін де сала алмайсың дейді. Бізге айтатыны Автодромда жерім бар. Соған аударасың ба дейді. Кемітіп тұрғаны...
Жанжалдасқан көршілер ақыры сотта кездесті. Сарайдың қожайыны көршім лашығын дәл іргеме тіреп салды деп арызданған. Талапқа сай екі үйдің арасы 1 метр болуы керек екен. Ал, борышкерлер болса, керісінше бай көршісі оның 1 метр жерін басып алып, оған қоршау салып тастады дейді.
Мария Мұқашева, тыл ардагері:
-Қайда барамыз, 3 немере бар. Қыстың күні. Айт жоқ, той жоқ, оның несі көрінбей жатыр. 1 метр жерімізді алса да сұрап жатқан жоқпыз ғой. Маған күн көрінбейді дейді.
Көшпелі сот отырысы болғанымен, судья жерді үйден емес, қоршаудан бастап есептеген. Ал, сол аттам жердің иесі екенін дәлелдейтін құжатты Мұқашевтардан қабылдамапты. Сөйтіп, лашықты сүріп тастау туралы шешім шығарған. Тек сот шешімі орындалатын күні кішкентай үйдегі үлкен отбасын басқа көршілері жақтап шықты.
Бәлия Қорғанбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Дұрыс ол кісілердікі. Ол жалғыз өйтіп салған жоқ. Елдің бәрі сөйтіп салды. Акимат қайда қарап тұр баяғыдан бері. Бүкіл қала солай салынған.
Көршілер қоршаудың екі жағынан жанжалдасып жатқанда сот орындаушылары іске кірісті. Олар бастапқыда Мұқашевтарға өз еркімен үйді бұзуға ұсыныс жасапты. Енді ақ жаулықты анаға да, жөргектегі балаға да қарамастан баспананы мәжбүрлеп бұзбақ.
Дариға Кесікбаева, Маңғыстау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары:
-Тек түсіністік білдіре аламыз. Сондай жағдайы бар деп сот шешімінің орындалуын да кейінге қалдыра алмаймыз. Себебі заң бар. Заңды ешкім басып кете алмайды. Біздің үстімізден де қадағалайтын орган бар.
Тұрғын үйді бүгін таңертең бұзуы керек болатын. Онда да соттың шешімін талапкерлер яғни коттеджің қожайыны орындауы тиіс. Алайда айтылған уақытта ауыр техника келген жоқ. Оның себебін анықтау мүмкін болмады. Зәулім үй иесі журналистерге жағдайды түсіндіруден бас тартты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!