Сенат Мұхтар Алтынбаевтың туған күнін тура жұмыс орнында атап өтті
Елімізде ауқымды мерекелік шаралар өтетін алаңдарға кіру қиындады! Стадион, арнайы алаңдарда өтетін спорттық сайыстар мен ән кештерін көруге келгендерді полицейлердің қатаң тексеруінен өткізуді бүгін Сенат заңмен бекітті. Бұдан бөлек бүгін Жоғары палата 30-дан астам судьяға Жоғарғы сотта жұмыс істеуге рұқсат етті. Ал жалпы отырыс сенатор Мұхтар Алтынбаевтың 70 жасын тойлаумен жалғасты.
Автор: Жәудір Оразхан
10.12.2015
Қаз-қатар тізіліп, Сенаттың кіре берісінде суретке түсіп жатқан еліміздегі ең таңдаулы сот төрелері. Оларды арнайы комиссия жасырын дауыс беру арқылы аймақтардан іріктеп алған. «Жоғары соттың судьясы» деген атқа ие болған 32 адамның арасында талай шулы істе үкім кескен 51 жастағы Ербол Рақымбеков те бар. Еңбек жолын қарапайым жүргізушіден бастаған ол бұл күнді 25 жыл бойы күтіпті.
Ербол Рақымбеков, Жоғары соттың судьясы:
-Кез келген судья Жоғары сотта жұмыс істеуді армандайды және соған ұмтылады. Бұл - менің еңбек жолымдағы басты мақсатым еді. Енді мен сол сенімді ақтап, жұмыс істеуім керек.
Судьяларды сайлап болған соң Сенат туған күн тойлауға көшті. Жоғары палата генерал Мұхтар Алтынбаевтың 70 жасқа толған мерейтойын тіпті күн тәртібіне енгізіпті. Халық қаһарманының құрметіне Мәжілістегі әріптестері мынадай тәтті торт пісіріп келген. Ал, сенаторлар Алтынбаевтың иығына шапан жапса, арнайы құттықтап келген әкім, жазушылар генералға «әлі жас жігітсің» деп мақтап қойды.
- Бұл «Сенаттың шапаны» деп айтуға болады...
Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның халық жазушысы:
-Жасың жас. 70 деген жігіттің жасы деуші еді, сол өтірік болмады ғой, рас екен. Қазір көзіміз көріп келе жатыр. Халықтың қамын жеп, Отанымыздың құдіретін, намысын ойлап, өмір сүре бер, жүре бер.
Қорғаныс министрлігін екі рет басқарған Алтынбаевтың қазақ армиясын жасақтаудағы еңбегі орасан. Қарапайым ұшқыштан көтерілген Халық қаһарманы қазір де «көкте самғасам» деп армандайды екен.
Мұхтар Алтынбаев, Сенат депутаты:
-Соңғы рет 5-6 жыл бұрын СУ-27-мен Астананың үстінде ұшқанмын. Бірақ Президент айтқан, «ұшпа» деп. Әлі ұшамын мен, тоқтатқан жоқпын.
Тура жұмыс орнында басталған Алтынбаевтың мерейтойын сенаторлар әрі қарай дастархан басында тойлауға кетті.
Той демекші, бүгін қаралған заң жобасының басым бөлігі мерекелік шараларға қатысты болды. Сенаторлар спорттық сайыстар, жұрт көп жиналатын ән, би кештеріндегі қауіпсіздікке қатысты құжатты бірінші оқылымда бекітіп берді. Яғни, бұдан былай метал, шыны ыдыс, арақ-шарап пен діни, ұлттық араздықты тудыратын плакаттар алып кіруге және алаңдағы қоршаулардан рұқсатсыз өтуге заңмен тыйым салынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!