{metadescription}
Семейліктер футбол орталығының жабылуына қарсы шықты
Семейліктер футбол орталығының жабылуына қарсы шықты

Семейліктер футбол орталығының жабылуына қарсы шықты

Семейде балалар мен жасөспірімдердің футбол орталығы жабылады дегенді естіген ата-аналардан маза қашты. Өйткені, Өскеменнің Восток және Семейдің Спартак командаларын біріктірген шенеуніктер, 250 бала жаттығатын үйірмені де облыс орталығына көшірмекші екен. Бюджетті үнемдеу мақсатында қабылданған шешіммен балалардың әке-шешелері келіскісі жоқ. Себебін тілшіміз Ұлан Нұрахмет біліп келді. 

Басына қара бұлттың үйірілгеніне қарамастан өрендер ала доптың соңында жүр. Себебі, олар таяу күндері Астанада жалауын көтеретін жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігіне дайындық үстінде. Алайда облыс шенеуніктері шешімін өзгертпесе, футболдың отаны саналатын Семей бұл жарыстан шет қалмақ.

Атқамінерлер бұл қадамға қыруар қаражат желге ұшқандықтан барыпты. Сондықтан қос қаладағы «Восток» және «Спартак» футбол командаларын да біріктірген. Бүгінде олар «Алтай» деген жаңа атауға ие. Енді, бұрынғы «Спартак» командасы жанында жұмыс істеген балалар орталығын да жауып тастамақ. Ал ондағы ерекше көзге түскен жеткіншектер іріктеліп, Өскемендегі футбол мектебінде жаттықтырылады. Бірақ шенеуніктердің бұл шешімі ата-аналардың наразылығын тудырды.

Ғалия Рахымбаева, Семей қаласының тұрғыны:

-Өскемен өзінің хоккейімен қалсын. Біздің Семей футболдың мекені ғой, солай болып қалғаны дұрыс. Биліктен соны сұраймыз.

Ербол Әділбеков, Семей қаласының тұрғыны:

-Былтырдан бері балалар күнделікті демалыссыз ойнайды. Бұл жерде бапкерлер өте жақсы. Барлығы  әбден қалыптасқан команда. Енді, 17-сі күні, әр жастағы балалар әр қалаға кету керек болатын. Міне, содан қалып отыр.

Бүгінде бұл орталықта әр жастағы 250 жасөспірім тегін жаттығады. 10 командаға 10 бапкер бар. Алайда олар талайдан бері еңбекақы алмаған. Сонда да орталық жабылмаса екен деп тілейді. Ал жергілікті билік қолдан келгенше сақтап қалуға тырысып жатқанын алға тартты.

Мұрат Құржықаев, Семей қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

-Облыс басшылығының келісімі бойынша Семейдің футболшылары «Алтайдың» сапында ойнайды деген еді. Бірақ, шешімін таппай тұр. Енді, алдағы сенбі күні өздері келіп осы мәселені түбегейлі шешпек ниетте.

Семейдегі балалар мен жасөспірімдер орталығының жылдық бюджеті 85 млн теңге. Алайда, осыншама шығыннан келер пайда шамалы. Өйткені бұдан былай олардың ұпайлары облыстағы жалғыз команда – «Алтайдың» есебіне жазылатын болады. 

Кеше

23 тамыз

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде