{metadescription}
Түркия жойқын жарылысты кімдердің ұйымдастырғанын жариялады
Түркия жойқын жарылысты кімдердің ұйымдастырғанын жариялады

Түркия жойқын жарылысты кімдердің ұйымдастырғанын жариялады

Бүгін күллі әлемнің назары кезекті рет Түркияға ауды. Бұл елде тағы да жарылыстар болды. Ыстамбұлдағы Ататүрік халықаралық әуежайына баса көктеп кірген 3 лаңкес алдымен жұртқа оқ атып, сосын денелеріне байлаған жарылғыш заттарын бірінен кейін бірі іске қосқан. Соның салдарынан 43 адам оқиға орнында жан тапсырып, тағы 230-дан астам адам түрлі жарақатпен ауруханаларға жеткізілді.

Ыстамбұлдағы лаңкестік оқиға әуежайда адам қарасы көбейген шақта болған. Бақылау камерасына түскен мына кадрда 3 бірдей жанкештінің бірінің оқ тиіп жараланып, сол жерде өз-өзін жарып жібергені көрініп тұр. Әуежайда осындай 3 жарылыс болған.

Әли Текил, оқиға куәгері:

- Дәл терминалдың ішінде жойқын жарылыстар болды. Біреулер оның алдында атыс болғанын айтады, бірақ өзім көрген жоқпын. Мен ішкі бағыттар терминалында болған едім. Ал жарылыс халықаралық бағыттар терминалында болды. Тек даусын естідім.

Осман Укар, оқиға куәгері: 

- Жүгімді орап жатқанмын. Кенет жарылыстың даусын естідім. Полиция қызметкерлері тез жерге жата қалуымызды бұйырды. Олар лаңкестермен атысты. Біздің жанымыздағылардың арасында да оққа ұшқандар болды. Сосын біз бомбаның жарылған сәтін көрдік. Жақын тұрғандардың бәрі өлді.

Лаңкестік әрекеттен әзірге 43 адамның көз жұмғаны айтылуда. Жараланған 239 адам ауруханаларға жеткізілген. Оқиға орнында 49 жедел жәрдем көлігі мен 5 бірдей құтқару жасағы жұмыс істеп, әуежай жұмысы 4 сағатқа тоқтатылды. Ел билігі араға көп уақыт салмастан тергеу шараларының нәтиже бере бастағанын, тіпті бұл оқиғаны кімдер ұйымдастырғанын айтты.

Бинали Йылдырым, Түркия премьер-министрі:

-Сарапшыларымыз тапқан айғақтарға қарағанда, шабуылды ДАИШ экстремистері ұйымдастырған. Бұлтартпас дәйектеріміз бола тұрса да, тергеуді жалғастырып жатырмыз.

Бұл оқиғаны Түркия мен Ресей арасында соңғы күндері болған дипломатиялық әңгімемен байланыстырып жатқандар да бар. Онда алдымен Ердоғанның Путиннен өткен жылы күзде түріктердің орыс әскери ұшағын атып түсіргені үшін кешірім сұрағаны айтылса, кейін мұні ресми Анкара теріске шығарды. Жалпы, Түркияда соңғы жылдары лаңкестік әрекеттер тіпті жиілеп кетті. Олардың ең ірісі – былтыр қазан айында Анкарадағы орталық теміржол бекетінде болған еді. Онда 102 адам қаза тауып, 246 адам жараланған болатын.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде