{metadescription}
Алматы облысында жарықтан тарыққан жұрт жолды жауып тастады
Алматы облысында жарықтан тарыққан жұрт жолды жауып тастады

Алматы облысында жарықтан тарыққан жұрт жолды жауып тастады

Жарықтың жоқтығы жол жапқызды! Алматы облысындағы Боралдай кентінің тұрғындары «ертеңшіл» шенеуніктерге осылай мінез көрсетті. Дүлей желдің кесірінен мұнда 600-ге тарта үй айлар бойы жарықсыз отырыпты. Атқамінерлердің айтқанына сеніп, қараңғыда қарап отыра беруден жалыққан жұрт бесіктегі таялы-тұяғымен жолды бөгеуге шықты.               

Бұл шыдамы шегіне жетпек түгілі, ендігі үзіліп біткен Боралдай кентінің тұрғындары. Мұң-мұқтажын жеткізудің басқа әдісін таппаған жұрт бала-шағасымен бірге жол жабуға бел буды.

Айнұр Қайрақбаева:

-Шықтық мына жолға! Ақша жинаймыз. Ақшаның бәрі қайда кететінін білмейміз. Күтетін уақытымыз жоқ.

Қаны қарайған жұрт көліктердің көптігіне де қарамады. Жарық сұрап, айқайға басты. Жолынан қалған жүргізушілер шу шығарғандарды жақтыра қоймады. Жарық дауы жол апатына ұласа жаздаған соң барып, тұрғындар біраз аптығын басты. Ал бар мәселе мына бағаналарда екен. Әбден тозығы жеткен желілер соңғы бораннан кейін болдырып қалған. Ал ағашы болса шіріп, әне-міне құлағалы тұр.   Ал жергілікті әкімдіктегілер болса ауыл Алматы аумағына ауысты деген сылтаумен бағаналарға бас-көз болудан бас тартқан.    

Мұқас Бейсенбаев:

-Әкімге барып айтсақ айтады, қалаға бергенбіз дейді. Ал бұл не деген әкім? Не өзі келмейді, не халықпен жиналыс ашпайды? Оның жиналыс ашатыны тек  мұғалімдерге, дәрігерлерге барады.  Әйтпесе мына тұрған халыққа келіп міне «жағдайларың қалай», свет жоқ бір ай болды деп бір келген жоқ.

Сөйтсе, Боралдайдың нақ осы бөлігі қаладағы Алатау ауданы аумағына өтіпті. «Ертеңмен» елді күттіріп келген әріптестерінің әрекетіне мұндағы әкімдіктегілер де ашынып отыр.

Бақытжан Егізбаев, Боралдай кенті әкімдігі аппаратының бас маманы:

- Барлығына айтқанбыз, басқарма бастығына да, бөлімінің бастығына да бәріне айтылған. Барлығы біледі, бірақ «мастер жіберілді, жіберілді» деп өтірік  айтады екен.

Жолға шыққандардың әрекеті жол апатына соқтыра жаздаған соң оқиға орнына полицейлер де жетіп келген. Бірақ, осында тұратын тәртіп сақшыларының өзін жарықтың жыры әбден жалықтырса керек, тұрғындарға түсіністікпен қарап, оларға шара қолданбауға уәде етті.    

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

02 желтоқсан

01 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде