{metadescription}
Алматыда тағы бір қөпқабатты тұрғын үй құлағалы тұр
Алматыда тағы бір қөпқабатты тұрғын үй құлағалы тұр

Алматыда тағы бір қөпқабатты тұрғын үй құлағалы тұр

Алматыдағы атышулы Алғабас-6 ықшамауданында тағы бір көпқабатты үй апатты жағдайда болып шықты. 2 ай бұрын пайдалануға берілгенде-ақ нысанның қабырғасы қисық болған екен. Сөйтіп, қауіп күннен-күнге ұлғайып, үй алға қарай ауытқи беріпті. Тек, мұны біле тұра шенеуніктер де, құтқарушылар да ештеңе істемеген. Ал кеше үйден үрейлі дыбыс шығып, тұрғындардың төбе шашы тік тұрды. Айта кетейік, аталған ықшамауданда бұған дейін де басқа бір үйдің қисайып тұрғаны анықталған еді.

2 ай бұрын ғана жаңа пәтер алып, қоныс тойын тойлаған тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. Кілт табысталған кездің өзінде, үйдің өзге кем-кетігі өз алдына, қабырғасы да қисық болған. Мұны байқаған тұрғындар тиісті жерлерге шағымданған екен. Бірақ шенеуніктер бұған ештеңе істемеген.

Аслан Шатырбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен басынан бастап көрдім, үй қисық екенін. Енді бала-шағама айтқан жоқпын. Түнде оянасың шошынып. Арғы шеттен барып, үйлерді салыстырсаңыз, мен көзіммен өзім көріп тұрмын, 45-50 сантиметр бар.

Онсыз да бастарын қатерге тігіп, өмір сүріп келген жұртты кеше осы үйден шыққан үрейлі дыбыс шошытты. Абдырап қалған тұрғындар апыл-ғұпыл далаға шығып, төтенше жағдай қызметкерлерін шақырған. Ал олар бәрін ретке келтіреміз деп уәде беріп қана кетіпті. Тіпті жұртты қауіпсіз жерге көшірмеген.

Сәуле Шатырбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бізде мысалы, мына залдан басталғанда, ваще қисайып тұр пол. Полдан білінеді, біздің үй қисайып тұрғаны. Потому что склон такой идет сверху.

Мұндағы 54 пәтердің тұрғындары баспананы жылдап күткен екен. Көбі жағдайы нашар отбасылар. Сондықтан басқа барар жерлері де, пәтер жалдауға артық ақшалары да жоқ.

Сәуле Шатырбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Үйімізді түзеулеп берсе деп тұрмыз. Біздің осы жерде тұрғымыз келеді. Все таки 12 жыл кезекте тұрып алған үйіміз ғой. Бізге үйді жөндеп берсе, осы ғана керек.

Нысанды «Дания Констракшн» компаниясы тұрғызған. Қазір тақырға отырған бұл мекемені әкімдіктегілер сотқа беріпті. Себебі, үй сапасыз тұрғызылған. Шенеуніктер мұны растағанымен, құрылыстың қабырғасында ешқандай ауытқу жоқ деп отыр. Айтуларынша, тұрғындардың алаңдауына да еш негіз жоқ. 

Әкімдік болған жағдайды жоққа шығарғанымен, төтенше жағдай департаментіндегілер үйдің қисайғанын растады. Тек қаншалықты ауытқығаны енді анықталады екен. Айта кетсек, бұл Алғабас-6 ықшамауданында осымен екінші рет қайталанып отырған жағдай. Бұған дейін, дәл осындай мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған үй апатты болып шыққан еді. Яғни көпқабатты ғимараттың қабырғасы 42 сантиметрге ауытқыған. Қазір 200-ге тарта тұрғынға жаңа үй салынуда. Әзірше олар «Астана құрылыс» компаниясының есебінен пәтер жалдап тұрып жатыр. Ал апатты үй құлатылмайтын болған. Құрылысшылар оны қайта түзетіп, сатпақшы екен.
 

Ал қабырғасы еңкейген мына үйде жұрт амалдың жоқтығынан жандарын шүберекке түйіп тұрып жатыр. Өйткені бір күні үйдің қирап қалмасына еш кепіл жоқ. Сондай-ақ, мұндағы тағы қанша үйдің шала тұрғызылғаны да әзірге сұрақ күйінде қалып отыр. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде