Теміртауда мас құрбысына емшектегі қызын жетектетіп жіберген келіншек істі болды
Теміртауда сәбиді подъезде тауып алдым деп жар салған әйел жалған ақпарат берген боп шықты. Шын мәнінде ол бірге арақ ішкен құрбысының баласын үйіне әкеткен екен. Енді нәрестені қолдан қолға өткізген екеуі де, қылмыстық жауапқа тартылмақ.
Автор: Саят Сабдалы
14.09.2016
Елді дүрліктірген мына азаматша сол күні құрбысының үйінде қонақта болып ащы судан әбден сілтеген. Қызған кезде құрбысының рұқсатымен оның емшектегі қызын қолтығына қыса кетіпті. Ертеңгілік есі жиналған соң бала тауып алдым деп шу шығарған. Нәресте ауруханаға жеткізіліп, полиция оның анасын іздеп тапты. Бойынан арақтың уыты тарамаған шешесі баланы құрбысы алып кеткенін жеткізгенде ғана бәрі әшкере болып отыр. Сәбиді бөтелкелесіне ұстатып жіберген ананың қалған 4 баласы да бейімдеу орталығына өткізіледі. Ал өзі аналық құқығынан айырылуы мүмкін. Полицияны алдамақ болған әйел де жауапқа алынып жатыр.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-«Баланы алып кеттім» деп айтса өзімен бірге ішкен адам жала жабады деп қорыққан ғой. Жауапкершіліктен құтылу мақсатында осындай оқиға ойлап тауып, полиция қызметкерлерін әуре-сарсаңға салып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!