{metadescription}
Алматы облысында үйі өртенген отбасы далада қаңғып қалды
Алматы облысында үйі өртенген отбасы далада қаңғып қалды

Алматы облысында үйі өртенген отбасы далада қаңғып қалды

Баспанасы өртеніп, көршінің үйінде түнеп жүр. Алматы облысының Дегерес ауылында бүтін бір отбасы қыс келгенде далада қалды. Баласы мен келіні мүгедек, ал анасы зейнет жасындағы жанұя жылдар бойы жиған-тергенінен айырылып, үстіндегі бір қабат киімімен ғана қалған. Амалы таусылған жандар қазір көршісінің үйін жалдап тұруға мәжбүр. Ал жергілікті атқамінерлер көмектесеміз деп уәде еткенімен, үш апта өтсе де әлі бір реттік жәрдемақы да бермепті.

Тілсіз жау мүгедек жандардың жалғыз баспанасын түгел шарпып, жер үйдің тек мынадай тас қабырғасы ғана қалған. Анасы зейнеткер, баласы мен келіні бірінші және екінші топтағы мүгедек. Бұлар күлге айналған үйге күнде келеді. Себебі, сау қалды-ау деген дүниені жинайтын өзге адам жоқ.

Оқыс оқиға бірінші қарашада болыпты. Түн ортасында қылаң берген от әп-сәтте төрт бөлмелі баспананың шаңырағын ортасына түсірген. Бұған жақында ғана ауыстырылған пеш себеп болса керек. Қайта сол күні, ішке ыс тарай берген соң үйдегі үшеуі де көршінің үйіне түнеуге кетіп аман қалған.

Ербол Қожабаев, Дегерес ауылының тұрғыны:

Келсек өрт сөндірушілер өшіріп қойыпты. Анамның барлық құжаты жанып кетті. Үстімізде бір-бір киім ғана қалды.

Қазір баспанасыз қалған жандар көршінің үйін жалға алып, көктемге дейін тұруға келісіпті. Ал азын-аулақ азық-түлік пен отынды ауылдастары берген.

Гүлшетай Қожабаева, Дегерес ауылының тұрғыны:

Әкімшілік  бюджет бітіп қалды, көктемде көмектесеміз деп айтты. Ауылдың адамдары киім-кешек әкеп беріп жатыр. 23 күн болды тұрғанымызға. Келіп от жаққаннан кейін төбесі түсіп, көтеріліп жатыр. бұдан да қорқып отырмыз. Құлап қала ма деп.  

Ал өрт болған күні уәдені үйіп-төгіп, енді 3 апта бойы үнсіз отырған атқамінерлер аудандағы басшылыққа сілтейді. Яғни, Жамбыл аудандық әкімдігінде өтетін маслихат жиналысынан соң мәселе біржақты болуы керек.

Ақбота Иманбекова, Дегерес ауылдық аймағы әкімдігінің бас маманы:

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне құжаттары өткізілді. Алдағы уақытта ол кісілер де қарастырып жатыр, қандай да бір көмек болса көмектеседі. Көше-көше болып әркім қолынан келгенше көмектерін беріп жатыр. Оны бір жерге жинастырып жатырмыз.  Жылдың аяғы болып жатыр. Қаражат, бәрі енді, соған байланысты шығар.

Шенеуніктердің сөзінен ұққанымыз, әзір көмек көрсететін қаржы жоқ екен. Сондықтан, әкім-қараларда күдер үзген жарымжандар, қайырымды азаматтардың көмегімен қара шаңырағын қайта тұрғызуды армандайды. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде