Алматыда құрылысшылар ауланы талқандап тастады
Алматының қақ ортасында алып қазан шұңқыр пайда болды. Медеу ауданында белгісіз біреулер көпқабатты үйлердің ауласын талқандап тастаған. Яғни екі аптадан бері балалар ойнайтын жерге техника әкелініп, үлкен шұңқыр қазыла бастапты. Алайда құрылысшылардың қолында бірде-бір құжаты жоқ. Сондықтан мұны заңсыз құрылыс деген тұрғындар оның тоқтатылуын талап етуде.
Автор: Диас Нұрақын
13.12.2016
Қаланың қақ ортасында басталған бұл құрылыс жақын маңдағы тұрғындардың тыныштығын қашырды. Өйткені үні құлақ тұндыратын техника екі аптадан бері тынымсыз жер қазып жатыр. Алайда мұндағы жұртты көбірек мазалайтыны трактордың тарсыл-гүрсілі емес. Жиналғандар балалар алаңқайының тас-талқаны шыққанына ашулы. Өйткені ауладағы жалғыз бос жерді белгісіз біреулер биіктеп қоршап, қызу құрылыс бастап кеткен.
Нұрлан Әнуарбеков, Алматы қаласының тұрғыны:
-Күні-түні жұмыс істейді. Демалыссыз. Балалардың спорт алаңы бар еді футбол, баскетбол ойнайтын бәрін кесіп алып тастады.
Бұл айналада балалар ойнайтын басқа жер жоқ. Сондықтан аудан әкімдігі осыдан бірнеше жыл бұрын жалғыз алаңқайды жөндеуден өткізіп беріпті. Енді, міне, соның өзін тып-типыл еткен.
Әуез Шәріпова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Біріншіден бізге күн де түспейді. Екіншіден ауа болмайды, үшіншіден балалар ойнай алмайды. Барлық балалардың жерін машина тартып алды.
Ең қызығы, бұл жерге қандай нысан тұрғызылатыны тұрғындар үшін жұмбақ. Тіпті оны ауданның атқамінерлері де білмейтін болып шықты. Тек тұрғындардың айқайынан кейін шенеуніктер құрылысты уақытша тоқтатып, мердігердің құжаттарын тексере бастаған.
Ермек Тілекенов, Медеу аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
-Қазір құрылысты тоқтатып тастадық.Мән-жайды анықтайық. Содан кейін белгілі болады.
Екі аптадан бері үлкен құрылыс жүріп жатқанын білмеген шенеуніктер қандай қорытынды шығарары белгісіз. Ал тұрғындар енді құқық қорғау орындарына шағымданып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!