{metadescription}
Назарбаев Астана әкімін  тығырыққа тіреп, жұртты күлдірді
Назарбаев Астана әкімін  тығырыққа тіреп, жұртты күлдірді

Назарбаев Астана әкімін тығырыққа тіреп, жұртты күлдірді

Ал Астанада Тәуелсіздіктің  25  жылдығына орай 25  қырлы ерекше монумент бой көтерді. Оның әр қырында қазақтың әр жылда жеткен жетістігі ойып жазылған. 70 метрлік ескерткіш биікке ұмтылған қазақ елінің жарқын болашағын меңзеп тұр. Сәулет өнерінің кезекті туындысы бұл жолы Елорданың қақ орталығына емес, «ЭКСПО» қалашығының аумағына қойылыпты. Тіпті құлап қалмасы үшін монументке желдің екпінін басатын құрылғы да орнатылған. Ал ескерткішті бүгін президенттің өзі ашып берді.

Астанадағы қақаған аязға қарамай тарихи монументті Елбасымен бірге бірінші болып көруге келгендердің қарасы көп. Аспанмен таласқан  ескерткіштің ерекше құрылымына тамсанған жұрт кезек-кезек суретке түсіп жанталасып жатыр. Қарасаң көз талатын биік монументті президент те жоғары бағалады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Астананың үйренген аязы ғой, жақсы көретін. 25 жылдық елдің есінде қалсын деп осы монументті орнаттық. Қарап тұрсаңдар, 25 қыры бар. Әр қырында әр жылдағы істелген шаруа жазылған.

Сәулетшілер Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументті мүмкіндігінше биік етіп тұрғызған. 70 метрлік ескерткіш қазақ халқының тек алға, жоғарыға қарай ұмтылысының белгісі. Құрылысшылар нысанды небары 3 айда салып бітіріпті. Және монумент ең қымбат мәрмәр тастан қаланған. Сәулет туындысының 46-шы  метрінде желдің екпінін басатын арнайы құрылғы да бар.

Александр Белович, құрылыс компаниясының басшысы:

-Монументтің құрылымы қисық болғандықтан оны тұрғызу қиынға соқты. 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қатты желде құлап қалмас үшін алдағы уақытта арнайы қызметкерлер күні-түні  бақылап отырады.

Жылдам тұрғызылса да, монументтен мін таппаған президент құрылысшыларға алғысын айтты. Мерекелік көңіл күйде болған Назарбаев тіпті Астана әкімі Әсет Исекешовті қалжыңмен қағытып, жұртты күлкіге қарық қылды.

-Сендер сөйлеулерің керек еді. Аязда мені сөйлетіп қойдыңдар. Әкім сен сөйле, кел. Баяндамасын да дайындап қойыпты. Жарайсың!

Әсет Исекешов, Астана қаласының әкімі:

-Еліміздің ең ұлық та қасиетті мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойы құтты болсын! Осы ширек ғасыр ішінде арман, мұраты айқын, жаңғырған жасампаз елге айналдық.

Ал тәуелсіздік алған тарихи күнде де, дамыл таппаған мемлекет басшысы да  мерекемен ел тұрғындарын құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының президенті:

-Ал мерекеміз құтты болсын, ағайын! Аман-есен болайық. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Еліміз мәңгілік болсын! Қазақстан, алға! Ал енді мынадай суықта тұра бермей, шаруа істейік. Сау болыңыздар!

Ал тура ЭКСПО аумағында орналасқан монументті тұрғындар мен қала қонақтартары кез-келген уақытта келіп көре алады. Шенеуніктер су  жаңа ескерткіш Астанадағы «Бәйтерек», «Қазақ елі» сынды жұрт жиі баратын орталыққа  айналады деп үміттеніп отыр.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы монументінің ЭКСПО аумағына салынуының өз себебі бар. Келер жылдың жазында өтетін халықаралық көрмеге дүние жүзінен миллиондаған турист келеді деп жоспарланып отыр. Яғни, қонақтардың көзі ең алдымен дәл осы ерекше сәулет туындысына түсері анық. Сөйтіп, бұл еңселі ескерткіш әлемге тез танымал болғалы тұр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

19 шілде

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде