{metadescription}
Елімізде полицейлерге қол көтергендер 11 миллион айыппұл төлеуі мүмкін
Елімізде полицейлерге қол көтергендер 11 миллион айыппұл төлеуі мүмкін

Елімізде полицейлерге қол көтергендер 11 миллион айыппұл төлеуі мүмкін

Полицейлерге қарсы шығып, қол көтеру енді «қып-қызыл ақша тұрады». Елімізде сақшының тілін алмай жағасына жармасып, өміріне қауіп төндіргендерге 11 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін. Ішкі істер  министрлігі қолданыстағы заңға осындай өзгеріс енгізіпті. Егер айыппұлды төлей алмаса, бас бостандығынан айырылады. Бірақ, бұған депутаттар тегіс қарсы шықты.

Қасымов қарамағындағыларды қорғауға мықтап кірісіпті. Егер Ішкі істер министрлігі әзірлеген заң жобасы күшіне енсе, тәртіп сақшыларына   саусақтың ұшын да тигізуге тыйым салынады. Яғни полицейдің айтқанын  істеп, айдауына көну керек.  

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

-Бұрын қызметкерлерімізге бағынбағандарға 4 жарым миллион көлемінде айыппұл салынатын. Оны енді еселеп  көбейттік.  Яғни, сақшының өміріне қауіп төндіргендерге қазіргі айыппұл  11 миллион теңгеден асады.

Мұны естіген депутаттар шалқасынан түсті. Айыппұл көлемі көтерілген сайын жемқорлық та өршиді дейді олар. Себебі, миллиондарды төлегеннен полицейге пара берген анағұрлым арзанырақ.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

-Еркек өз әйелін ұрса, оған айыппұл 40 мың теңге болады. Ал полицеймен жұлысса 11 миллион. Бұл не? Немене әйел  бір полицейден мың есе арзан ба? Мен оған келісе алмаймын. Мен өз әйелімді полициядан көрі жақсы көремін мың есе.

Оның үстіне бұл талап президенттің кезекті жолдаудағы тапсырмасына да қарсы келіп отыр. 

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:

-Айыппұлды көбейтсек қылмыс саны азаяды деп айта алмаймыз. Президент жеңіл және орта деңгейдегі қылмыстар үшін жазаны жеңілдетіңдер деді. Біз керісінше жасап отырмыз. 11 миллион теңге  айыппұл деген ақылға сыймайды.

Ал полицейге бағынбай жағасына жармасқан адам қыруар айыппұлды төлей алмаса абақтыға жабылады. Сөйтіп, сот үкімімен  қылмыскер деп танылған тұрғынның түрмеде өткізген әр күні 9 мыңнан астам теңге болып есептеледі. Бірақ Бас прокуратурадағылар мұндай қатаң жаза заң бұзған азаматтың барлығына бірдей қолданылмайды деп сендірді.

Иоган Меркель, Бас прокурордың орынбасары:

-Мұндай қомақты айыппұл төтенше жағдай болғанда, терроризмге қарсы күрес кезінде полицейлердің жұмысына кедергі келтірген адамдарға ғана салынуы тиіс. Жаппай жұртқа қолданылмайды.

Сондай-ақ, кейбір қылмыстарға жаза керісінше жеңілдейді. Мәселен, заң бұзған кәсіпкерлерге салынатын айыппұл 30 пайызға төмендейді екен. Және қазына қаржысын жымқырған, пара алған шенеуніктер енді шетінен сотталмайды. Жемқорлықпен істі болған атқамінерлерге айыбын еселеп  айыппұл төлеу арқылы өтеуге мүмкіндік берілмек. Ал тәртіп сақшыларына бағынбағаны үшін ұсталғандардың тағдыры депутаттардың қолында. Заңдағы тура сол бапты алып тасауға олар құқылы.

Сондай-ақ, бүгін Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыры кеңейгенін мәлімдеді. Енді оларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлерін тұтқындауға заңмен рұқсат етіліп отыр. Әрине, пара алып, лауазымын асыра пайдаланса ғана. Сондай-ақ арнайы қызмет бюджет қаржысын ұрлаған әскерилерге қатысты қылмыстық істерді де тергеумен де айналысатын болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ
Қазір эфирде