{metadescription}
Алматылық еріктілер тоз-тозы шыққан тас жолдардың картасын жасап жатыр
Алматылық еріктілер тоз-тозы шыққан тас жолдардың картасын жасап жатыр

Алматылық еріктілер тоз-тозы шыққан тас жолдардың картасын жасап жатыр

«Алматы, сөйле!» деп аталатын сайтқа кез-келген тұрғын өз ауданындағы шұрық-тесік жолдарды суретке түсіріп сала алады. Осылайша жоба авторлары шаһардағы ойылып кеткен көшелердің тізімін жасап, оған билік өкілдерінің назарын аудартпақшы. Болашақта оған өзге облыстар да қосылуы мүмкін.

Іске қосылғанына бір күн болған «Алматы, сөйле!» сайтына қазірдің өзінде 150 адам хат-хабар қалдырыпты. Әркім өзі тұратын аудандағы тозығы жеткен жолдарды суретке түсіріп салған. Осы мәліметтер арқылы алдағы уақытта Алматыдағы тоз-тозы шыққан көшелердің картасы жасалмақ. Сөйтіп, жоба авторлары мәселеге биліктің назарын аудартпақшы.

Жанна Байтелова, «Алматы , сөйле!» жобасының авторы:

-Қаладағы жолдардың жағдайы туралы толық мағлұмат жинағымыз келеді. Сондықтан сайт ашып, тұрғындардың көмегіне жүгіндік. Одан кейін келіп түскен барлық мәліметті тексереміз. Яғни қай көшеге соңғы рет қашан жөндеу жүргізілді, мердігер компания кім, қанша қаражат бөлінді? Сөйтіп, сапасыз жол салған компаниялардың тізімін жасап, әкімдікке тапсырамыз.

Бұлай етпеске амал жоқ. Өйткені Алматы көшелерін жөндеуге жыл сайын миллиардтар бөлінеді. Бірақ сапасыз жұмыстың салдары жылға жетпей қайта шығып жатыр.

-Қазір Алматының кез-келген көшесі дәл осындай ойдым-ойдым болып жатыр. Алайда оны жамап-жасқауға жергілікті билік асықпайтын секілді. Өйткені көктемнің бір айы артта қалса да әлі күнге көшеден жол жөндеушілерді кезіктірмейсің. Сондықтан жұрық тесік жолдарды жүйкесі жұқарған жүргізушілер айналып өтуге мәжбүр.

Жол мәселесі жалғыз Алматыда ғана өзекті емес. Сапасыз төселген тас жолдар семейліктердің де сорын қайнатуда. Өйткені көктем келісімен көшелерде тереңдігі жарты метрге дейін жететін шұңқырлар пайда болған. Одан жеңіл көліктер түгілі ауыр техниканың өзі өте алмайды.

Аян Айтқазин, көлік жүргізушісі:

-Көлікті бір айда екі рет жөндейміз. 50-60 мың теңге ақша кетеді. Бұл өте көп. Қалтаға қатты әсерін тигізеді.

Орал көшелері де оңып тұрған жоқ. Өйткені қаладағы тас жолдардың 90 пайызы тозған. Мұны шенеуніктер де мойындап отыр. Жалпы, Батыс Қазақстан жол сапасының нашарлығы жағынан елімізде көш бастап тұр. 

Ержан Әубәкіров, Орал қалалық Автомобиль жолдары басқармасының маманы:

-Орал қаласында асфальт төселген 270 шақырым жол бар. Соның тең жартысы күрделі немесе ағымдағы жөндеуді қажет етеді. 2017 жылы қаладағы 70 шақырым жолды қалпына келтіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Шымкенттің жолдары да шетінен шұңқырға айналған. Қала сыртын қойып, орталықтағы көшелердің өзімен көліктердің қатынауы қиын. Былтыр жергілікті билік ойылған жерлерді қымбат плиталармен жамап қойған еді. Алайда биыл сол тастардың өзі тас-талқан болып бүлінген. Бірақ оған ешкім бас қатырмайтын секілді. Сондықтан «Алматы, сөйле!» сайтының авторлары алдағы уақытта өз жобаларына өзге өңірлерді де қоспақшы. Осы арқылы республика бойынша тозығы жеткен жолдардың тізімін жасауды жоспарлап отыр. 

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде