Астанада Сирия қарулы оппозициясының өкілі келіссөз үстінде айғайлап залдан шығып кетті
Астана процесіне қатысып жатқан сириялық қарулы оппозиция бүгін тағы қыңыр мінез танытты. Екі топтың мүшесі наразылық танытып, қорытынды отырыс өтіп жатқан залдан шығып кетті. Бірақ, бұған қарамастан тараптар Сирияда мүлдем оқ атылмайтын, қауіпсіз төрт аймақ құру туралы меморандуға қол қойды. Осы сағаттарда Астана процесінің төртінші кезеңі аяқталды.
Автор: Жәудір Оразхан
04.05.2017
-Қарулы топ мүшелері кеше де, жиын соңына дейін қатыспай кетіп қалған. Бірақ, бүгін райларынан қайтып, қорытынды отырыста төбе көрсетті. Алайда оппозицияны бастап келген Мухаммад Аллуштың өзі жоқ. Оның жақтастары бастапқыда сабырлы отырғанымен, тура меморандумға қол қояр кезде екі қарулы топтың мүшесі Иранның кепіл мемлекет ретінде қатысуына қарсылық білдіріп, орындарынан тұрып кетіп қалды.
Протоколды бұзған оппозиция өкілінің айғайына қарамастан жиын әріқарай жалғасты. Сөйтіп, кепіл мемлекеттер Сирия аумағында қауіпсіз 4 аймақ құру туралы меморандумға қол қойды. Ресейдің бастамасын Иран мен Түркия, тіпті, Сирия үкіметі, оппозиция өкілдері мен АҚШ та бірден қолдаған. Құжатқа сай, енді Идлиб, Хомс, Шығыс Гуте және Сирияның оңтүстігінде мүлдем оқ атылмайды, әскери техника кіргізілмейді. Аталған аумақтар қоршауға алынып, әуе кеңістігі жабылады. Екі күнге созылған келіссөздің қорытынды баяндамасын еліміздің Сыртқы істер министрі оқып берді.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
-Қазіргі таңда ең бастысы оқ атуды тоқтау режимінің сақталуы, және осыған байланысты Астана алаңында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуы аса маңызды деп санаймыз. Сирия жөніндегі төртінші раунды кепілдік берушілер, барлық мүдделердің қатысқанын ерекше атап кеткім келеді.
Ал төртінші раунд бойынша қабылданған шешімге сай қауіпсіз аймақ құрылса, оппозицияны «Ислам мемлекеті» және «Джебхат-ән-Нусра» сынды лаңкестік топтардан ажыратуға болады. Сонымен қатар Сирия үкіметі мен қарулы топ мүшелерінің әскері арасындағы қақтығысты тоқтатуға әсерін тигізбек.
Осылайша, кепілдік берген Ресей, Түркия мен Иран Сириядағы оппозиция өкілдеріне қолдау көрсетпек. Ал Араб республикасының басқа аумақтарында террористерге қарсы шабуылдар жалғаса бермекші.
-Енді Астана процесіне қатысушылар шілденің басында қайта кездесетін болды. Ал бүгін қол қойылған меморандумды мамырдың соңында Женеваға жиналған сарапшылар әрі қарай қарайды. Десек те, келісімге қарамастан Сириядағы атыс тоқтамай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!