{metadescription}
Үкімет ішкі туризмды дамытуға мықтап кіріспек
Үкімет ішкі туризмды дамытуға мықтап кіріспек

Үкімет ішкі туризмды дамытуға мықтап кіріспек

Түркия жағажайларындағы қазақстандық туристерді Үкімет елге қайтару ісіне кіріспекші. Ол үшін Министрлер кабинеті ішкі туризмді дамытуға арналған арнайы жобаны бекітті. Мәдениет министрлігі дайындаған құжатқа сәйкес, Алакөлдің жағасы жақын жылда адамға лық толып, туризм экономиканы алға сүйреуі тиіс. Ал әзірге, жағдай керісінше. Алакөлге жетудің азабы мен қызметіне мүлдем сәйкес емес құнынан әбден зәрезап болған туристерге Түркияға барған әлдеқайда оңай.

Күні кеше Қазақстанда демалу шетелдікінен қымбат деп шамданған шенділер бүгін Үкіметке сиясы кеппеген тұжырымдамасын алып келді. Ішкі туризмді тірілтуі тиіс құжат, кем дегенде теңіз жағаларында тентіреп жүрген қазақстандықтарды елге қайтаруы тиіс. Құзырлы министрлік нақты қадамдарын журналистерге жайып салмаса да, алдына үлкен меже қойып отыр.

Асқар Баталов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

- Жаңғырудың үшінші кезеңі жоспарында туризм, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік сынды экономиканың негізі алты секторының қатарына енді. 2030 жылға дейін ол экономиканың драйверіне айналуы тиіс. Ал ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2025 жылға дейін он пайызға жетуі керек.

Бүгінгі баяндамада Бурабай, Түркістан, Алакөл дегенді ауық-ауық естігенімізбен, оған турист тартудың нақты қадамдарын ақыры біле елмадық. Бір белгілісі, Алакөлдің инфрақұрылымын дамытуға 2 млрд теңге жұмсалмақ. Оның 550 млн-ына жағажай жөнделсе, 1,4 млрд теңге жолға бөлінген.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:

- Алакөлдің әлеуеті өте зор. Мамандардың есебінше маусымына 2 млн адам қабылдай алады. Ол жердегі бизнесмендер қызметтерін жоғары деңгейде көрсетуі тиіс. Санитарлық нормалардың сақталуын қадағалау керек.

Норма сақтаудан кейінгі маңызды міндет, шарықтаған бағаны басу. Министрлік 2025 жылда межесіне жеткенше, отандастарымыз бүгін, шетелде демалуды тәуір көреді.

Ардақ Кұлышева, туристік компания директоры:

- Отандастарымыз биыл әдеттегідей Түркия, Біріккен Араб әмірліктері, Хайнаньды таңдап жатыр. Шетел шипажайларының ең арзаны 100 мың теңгеден басталады. Ішкі туризмнің құны шетелдікінен қымбат болмаса, кем емес.

Турист ағынын көбейту үшін еліміз ЭКСПО уақытында Астана мен Алматы әуежайларында қытайлықтар үшін 72 сағаттық визасыз режим енгізіпті. Нәтижесі жаман емес. Әр турист әуежайдан әрі аспай-ақ кем дегенде 600 доллар ақша жұмсайды деген есеп бар. Ендігі міндет шетелдіктерді Астана, Алматыдан әрі асырып, демалдыру.

Ал өзімізге келсек, қазақстандықтар бір-екі жылдың төңірегінде Түркиядан айнып, Алакөлге ағылуы екіталай. Тиімділік, жайлылық бәсекесінде ішкі туризмнің әзірге патриотизмнен басқа алға тартары жоқ. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде