{metadescription}
Сарапшылар теңгенің болашағына болжам жасады
Сарапшылар теңгенің болашағына болжам жасады

Сарапшылар теңгенің болашағына болжам жасады

АҚШ ақшасының бағамына алыпсатарлар кері әсер еткен. Кешелі бері тоқтаусыз өсіп, 343 теңгеден бір-ақ шыққан долларға қатысты Ұлттық банктегілер бүгін осындай уәж айтты. Өйткені, теңге құнына тікелей әсер ететін мұнайдың баға анау айтқандай құлдырап жатқан жоқ. Ал, экономистер бағамға «санкция соғысы» кері әсер еткен дейді. Яғни, Ресейге салынып жатқан шектеулер рубльді әлсіретіп, ол сәйкесінше теңгені арзандатқан. Бүгін еуро құны да шарықтап, 402 теңгеден саудаланып жатыр. Мұның себебін мамандардан Нұргүл Нұрланқызы сұрады.

Тамыз айы да теңге үшін тиімді басталған жоқ. Кешелі бері ұлттық валюта тіпті жылдам құлдырап жатыр.  Мәселен, қор биржасында теңге 2 күн бұрын 326 теңгеден, кеше 330-дан сатылған болатын. Ал, бүгін KASE-де доллар бағамы 336-ға жуықтады.

Ақша айырбас орындарында доллар тіпті 343-тен бір шыққан. Теңгенің бұлайша тез әлсіреуі бірінші кезекте мұнайға байланысты екені белгілі. Ал, бірінші жарты жылдық қара алтын нарығы үшін сәтті болды деп айтуға келмейді. Мұнай жыл басынан бері 16 пайызға арзандап, тек шілдеде қалпына келе бастаған. Десе де, доллар бір күнде 13 теңгеге қымбаттай қоятындай қара алтын бағасы құлдыраған жоқ. Кешегіден нәбірі 1 долларға арзандап, 51-ден сатылып жатыр. Ал, сарапшылар нарықтағы жағдай бұдан бетер ушығуы мүмкін дейді.

Мұхтар Тайжан, экономист:

- Мұнайымыз аса қажет болмайды болашақта. Бәрібір мұнай төмен дәрежеде бола береді. Меніңше, одан да түседі. 30-ға барады деп ойлаймын. Сондықтан, біздің Үкіметіміздің экономикалық саясаты мүлдем басқа болуы керек.

Әрі қара алтын нарығына ОПЕК-тің мұнай өндірісін қысқарту туралы мамырдағы шешімі де оң әсер ете қоймаған. Теңгенің әлсіреуіне Ресейдегі жағдайдың да тікелей қатысы бар. Қазір бұл елге АҚШ тарапынан қосымша экономикалық санкциялар салынып жатқаны белгілі. Ал әлсіз рубль өзімен бірге теңгені төмен қарай сүйреп жатыр екен.

Азаматхан Әміртаев, экономист:

- Америка Құрама штаты Ресейге өзінің саясатын қаталдандырды. Осыған байланысты, біздің қазір шикізатпен өмір сүретін мемлекеттердің ақшалары әлсізденеді. Сол шикізатты ұсынып тұрған компаниялар әлемдік, олардың даурығу себебінен бағамдық бағалар түседі. Ол бізге келіп тұрған кірістің бірі Қазақстанға.

АҚШ ақшасынан еуро да қалыспай келе жатыр. Бүгін ол теңгеге шаққанда 402-ге көтерілген. Яғни, ол ақша айырбастау орындарында бір күнде бақандай 8 теңгеге қымбаттады. Теңгенің осылайша тез құлдырауына мұнай, Ресей-АҚШ қатынасынан бөлек әсер ететін бірнеше жағдай бар екен. Әсіресе, нарықтағы алыпсатарлардың әрекеті кері әсер етті дейді Ұлттық банктегілер.

Әлия Молдабекова, ҚР Ұлттық банкінің департамент директоры:

-Бұл алыпсатарлардың әрекеті болуы мүмкін. Өйткені, халық жаппай шетел валютасын алып жатқан жоқ. Және де, теңге бағамының құбылуына басқа да бірнеше маңызды фактор әсер етеді. Мәселен, сауда-саттық жасайтын серіктес елдердегі валюта бағамы. Әсіресе, АҚШ санкциясына қатысты алаңдаушылық бар. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен халықаралық пайыздық мөлшерлемелерге де бағам тікелей байланысты.

Ал, экономистер іске тезірек осы Ұлттық банк араласса дейді. Өйткені, қазіргі жағдайға қарап, тамыздың басы қатты болғанымен, аяғы тәтті болады деп айтуға келмейді. Тіпті, экономистер жыл ішінде доллар құны 400 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген қауіпті де жасырмайды. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде