{metadescription}
Шырғалаң: Астаналық  алаяқтың кесірінен 20 жұптың үйлену тойы болмай қалды
Шырғалаң: Астаналық  алаяқтың кесірінен 20 жұптың үйлену тойы болмай қалды

Шырғалаң: Астаналық алаяқтың кесірінен 20 жұптың үйлену тойы болмай қалды

Жас отбасылар Елордадағы мейрамханалардың бірінің әкімшісіне алданып қалған. Яғни, банкет залына жауапты қызметкер той иелеріне үлкен жеңілдік болады деп сендіріп, алдын ала толық төлем жасатыпты. Ал бар ақшаларын алаяққа санап берген тұрғындар  тойсыз қалды.

-Біз қазір жиырма отбасының қуанышын су сепкендей басқан, қаншама жұптың көптен күткен тойын дауға айналдырған мейрамхананың маңында тұрмыз. Мұнда мерекелік шара өткізу құны адам басына 10 мың теңгеден асады екен. Алайда мейрамхана әкімшісі бұдан әлдеқайда төмен баға айтып, клиенттерін алдап соққан.

Әкімшінің сөзіне сеніп, сан соғып қалғандардың бірі – Қали Әубәкіров. Ол үйлену тойын қыркүйекке белгілеп, мақтаулы мейрамханаға алдын ала тапсырыс береді. Аз уақыт өткен соң Сәбит есімді әкімшісі хабарласып: «егер тойдың ақысын толық төлесеңіз, адам басына тағы мың теңге жеңілдік жасаймыз» деп сендіреді. Той иелері алаяқ әкімшінің жазған хаттарын да сақтап жүр.  

Қали Әубәкіров, Астана қаласының тұрғыны:

-Ең басты кепілдік ол – құжаттар болатын. Атап айтқанда келісім шарт, қаржы төлегені үшін чектер. Соны  қолымызға берді. Қолымызда олардың мөрі де, қолдары бар. Қалыңдығым Салтанат  ол әрине өте қобалжуда .Әке-анамның аңсап жүрген бақыттары, армандары іске орындалмай қалды.

Яғни, Қали мейрамхана әкімшісінің қолына 1 миллион 50 мың теңгені бірден санап берген. Ол бұл қаржының жартысын жылдар бойы жинаған, ал  бір бөлігін банктен несиеге алған екен. Ал екі ай уақыт өткен соң,  мейрамхана басшылары Қалидің тойы туралы  мүлдем бейхабар болып шыққан. Яғни, әкімші клинеттерден алдын ала алған ақшасын мейрамхана кассасына салмапты. Алданған Астана тұрғыны мейрамхананың  қожайындары да жауапқа тартылуы тиіс дейді.

Қали Әубәкіров, Астана қаласының тұрғыны:

-Ондай үлкен соманы  және көп адамды алдау бір адамның қолынан келе бермейді деп ойлаймын.Неге осы мекеменің әкімшілігі немқұрайлықпен қарайды? Ол олардың қызметкері. Олар жауап беруі керек.  Қандай да бір заңға қайшы әрекет жасаса, менің ойымша, басшысы жауап беру керек.

Атышулы мейрамхана басшыларын іздеп барғанымызда, директоры жұмыс орнында болмады. Қызметкерлер сұхбат беруден мүлдем бас тартты. Ал той иелерінің аузын айға қаратып кеткен 31 жастағы әкімші қазір қамауда отыр. 

София Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

-Жиырма шақты арыз келіп түсті. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 15 миллионнан астам. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті қазіргі таңда қамауға алынған. Айыбы дәлелденсе, осы баптың санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Заңгерлер мұндай алаяқтарға алданып қалмау үшін әкімшімен ғана емес, бірінші басшымен де кездескен жөн дейді.

Серік Беркамал, заңгер:

-Осындай қылмысқа ұрынып қалмау үшін ең алдын ала жазбаша түрде шартқа қол қою керек. Ресторанның құжаттарын көріп алу керек. Ақша төлеген кезде заңды тұлғалардың реквизиттерін қарап алып алдын ала, содан кейін ғана құжатқа қол қоюы керек.

Маманның айтуынша, егер мейрамхана қожайыны сот алдында мөрдің ұрланғанын және құжаттарға қойылған қолдың жалған екенін дәлелдесе, жауапкершіліктен мүлдем босатылады. Ол жағдайда, бар жазаны қазір қамауда отырған әкімші арқалайды. Белшеден қарызға батқан той иелерінің шығынын да сол өтеуі тиіс. Ал отбасына келін түсіріп, туған-туыс пен қайынжұртының басын қоспақ болған Қали Әубәкіров енді ұлан-асыр тойдан мүлдем бас тартып отыр.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде