{metadescription}
Алматыда жолда  жүру жылдамдығы әр жолақта әр түрлі болмақ
Алматыда жолда  жүру жылдамдығы әр жолақта әр түрлі болмақ

Алматыда жолда жүру жылдамдығы әр жолақта әр түрлі болмақ

Бүгін журналистермен жүздескен полицейлер осылай деп отыр. Өткен тоғыз айды қортындылаған олар, ереже бұзған жүргізішулерге 2 миллиардтан астам теңге айыппұл салғанын да айтты. Үкімет жол жүру ережесіне өзгеріс енгізілген қаулы қабылдағаннан соң, ширақтық танытуға тырысқан сақшылар жаңа талап пен міндеттің ара-жігін ажыратуға кірісіп кетіпті.

Үкімет қаулысымен өзгеріс енгізілген жол ережесінің жаңалығы әлі де таусылатын емес. Тіпті, тәртіп сақшылары бір бағыттағы үш жолақпен ағылған көліктер, енді белгіге сәйкес әр түрлі жылдамдықпен жүйткиді дейді.  

Жандос Мұратәлиев, Алматы қ. ІІД басқарма бастығының орынбасары:

-Бұрын бір қиылыстан екіншісіне дейін максималды түрде бір жылдамдықпен жүру керек деп көрсетілетін. Енді бір бағыттағы үш жолақта түрлі жылдамдық белгіленеді. Мысалы, оң жақтағы бірінші жолақта 40 десек, екіншісінде 60, ал үшінші жолақта сағатына 80 шақырыммен жүре аласың.

Тоғыз айдың есебін тізбелеп, түрлі цифр тілімен сөйлеген полицейлер көпшіліктің көкейіндегі сауалдардан қашып құтылмады. Мәселен, қаланың басты көшелерінде елеусіз тұратын «Крис-П» бейне-бақылау қондырғысының  қаншалықты заң шеңберінде орнатылатынын сұралды. Алайда, алыстан орағытқан сақшылар, жылдамдыққа жаны құмар көлік иелерінің өздерін кінәлап шыға келді.

Жандос Мұратәлиев, Алматы қ. ІІД басқарма бастығының орынбасары:

-Әл-Фарабидің бойында мәселен 80 шақырым. Өзіңіз айтып отырғандай. Бірақ, жүргізушілер жылдамдықты асырып, 100-120 жүреді де, камераға түседі. Сосын, неге мына жерге «Крис-П» қойып қойдыңдар деп шағымданады.

Алайда, тәртіп сақшылары көлік жүргізушілеріне жаппай айыппұл салып, бюджеттің бүйірін қампайтуды көздемейміз дейді.  Айта кетейік, қалада соңғы уақыттары апаттық жағдай туғызу, қарсы бетке шығып кету және жаяу жүргіншіні өткізбеу секілді жол ережесін бұзатын деректер көп кездеседі екен.

-Полицейлер ауқымды жұмыс атқарылды дегенімен, Алматыдағы жол-көлік апатының көрсеткіші былтырғыдан еш өзгермепті. Биыл  жүргізушілердің кінәсінен 3689 жол апаты болып, кесірен 84 адам бақиға аттанған. Жол сақшылары да, өз кезегінде жаза басқан жүргізушіні оңдырмай жазалап, 250 мың құқық бұзушыға 2 миллиард теңгеден астам айыппұл салыпты. Көрсетілген сома толықтай өндірілсе, бюджеттің тақиясына тар келмейтіні ақиқат.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде