Алматыда жалған ақша жасағандар сотталды
Абайлаңыз, жалған ақша! Алматыда теңгені қолдан жасап, арам жолмен пайда тауып келген екі азамат сотталды.
Автор: Мақсат Мәлік
12.12.2017
Заңсыз істі кәсіп еткендер арнайы цех құрып, 2 мың теңгелік жалған банкнот шығарып келіпті. Бірақ, көлеңкелі экономиканың көзін тапқандарға жаза кесілгенімен, әзірге олардың қанша жалған ақшаны айналымға өткізгені белгісіз екен.
СНХ: Мадияр Палманов, Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті аға тергеушісі:
-Азамат «Д» 5 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Азамат «Р» 5 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан шартты түрде айырылды.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, ақша басып шығаратын цехті қаладағы «Әйгерім-2» ықшамауданынан анықтаған. Екі сыбайлас та қылмыс барысында құрықталыпты. Цех ішінен 2 мың теңгелік купюраның эскизі, ноутбук, принтер, фольга және А4 форматтағы қағаз табылған. Оңай олжаны көксегендер осы қажетті заттар арқылы арам ойларын іске асырып отырған көрінеді. Сондай-ақ, Алматыда жалған доллар өткізіп жүрген тағы екі адам ұсталған. Олар Алматы және Астана қалаларында ұялы телефонды сатып алып, өтірік ақшамен есеп айырысқан. Екеуі 9 мың 700 жалған долларды жаратып үлгерген екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!