{metadescription}
Алматы тұрғындары өрт сөндіретін көлікпен су тасып ішіп отыр
Алматы тұрғындары өрт сөндіретін көлікпен су тасып ішіп отыр

Алматы тұрғындары өрт сөндіретін көлікпен су тасып ішіп отыр

Тіршілік нәріне жарымаған алматылықтар өрт сөндіретін көлікпен су тасып ішіп отыр. Күннің суығында су құбырлары қатып қалған Таусамалы ықшам ауданындағы 150-ге жуық отбасының көрген күні осы. Жылда қайталанатын көріністен шаршаған халық, тез арада мәселеміз шешілмесе, қар ерітіп ішуге де мәжбүр боламыз дейді. Тұрғындардың айтуынша, суға жауапты мекеме мен қалалық атқамінерлер өз міндеттеріне салғырт қарап отырған көрінеді.

Бұл шарпыған жалынды ауыздықтауға емес, таусамалдықтарды сумен жарылқауға келген өрт сөндіру көлігі. Көре сала шелегін алып жүгіретін жұрттың әрекетіне әрі-бері өткен жүргіншілердің де көзі үйренген. Тұрғындардың айтуынша, қатты аяздан құбырларға мұз қатып, бірнеше күннен бері бір тамшы тіршілік нәрі тамбапты.  Кесірінен, шағын аудандағы 150-ге жуық үй сусыз қалған.

Малай Бимолдаев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Әкімдіктің өкілімен бірге аралап шықтым. Бір шұңқыр қазылған, бір адам жоқ.

Таусамалы шағын ауданына күніне өрт сөндіру көлігімен үш мәрте шараушылыққа қажетті су жеткізіледі. Бірақ, амалы таусылған тұрғындар, осы суды қайнатып ішуге мәжбүр екендерін айтады. Сондай-ақ, тұрғындар су таситын көліктің көңілі қалаған жеріне тоқтай салатынына наразы. Себебі, көшенің келесі бетінен арбалайтындардың арасында омақаса құлап, жазым бола жаздаған қариялар бар екен. 

Әлібек Маханов, Алматы қаласының тұрғыны:

-Қолмен тасып, қай күні құладым ғой. Су жоқ қой, амалымыз жоқ. 

Ал, суға жауапты мекеме өкілдері, қытымыр аяз қыспаққа алғанда Наурызбай ауданындағы бірнеше елді-мекенде су құбырлары істен шыққанын мойындады. Ең бастысы, таудан ағатын маңызды су құбырларын қалпына келтіріп үлгердік дейді олар.

Серік Шағыров, «Алматы су» МКК өкілі:

-Бірінші күндері 230 адам және 45 арнайы техника жұмыс жасады. Бүгінгі таңда 130 адам, 19 арнайы техника, автокөліктер, трактор және экскаваторлар жұмыс істеп жатыр. 

Серік Шағыровтың айтуынша, техникалық талаптардың сақталмауы да жұмыс барысына қолбайлау жасайтын көрінеді. Себебі, кезінде облыс аймағынан қалаға өткен елді-мекендердің барлығында су құбырлары жер бетіне жақын көмілген. Алайда, қақаған қыста шөліркеген халыққа қай күні толықтай ауыз су жеткізілетінін ешкім тап басып айтып бере алмады. Демек, шелекпен су тасыған тұрғындарға күнделікті өрт сөндіру көлігін сарыла күткеннен басқа амал жоқ. 

Кеше

20 шілде

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде