{metadescription}
Алматы тұрғыны Байбекпен сөзге келіп қалды
Алматы тұрғыны Байбекпен сөзге келіп қалды

Алматы тұрғыны Байбекпен сөзге келіп қалды

Байбекке базына. Тасымалдаушылар қауымдастығы өздеріне жөнсіз шүйлікті деген әкімге кей сөздерінің шындыққа жанаспайтынын бетіне басты. Бүгін Алматы қаласының басшысы халық алдында есеп берді. Бауыржан Байбек жолақысын қымбаттатуға қарсылығын, пәтер иелері кооперативінің бағаны қолдан шарықтатынына наразылығын жеткізді. Сонымен қатар, әкімдік кезінде өздері көзін құртқан ауладағы шлагбаумдарды қайтадан қоюға рұқсат беретінін жеткізді.

Республика сарайының алды таң атпай қарақұрым халыққа толды. Бір сөзбен айтқанда аншлаг. Халық құдды атақты әншінің концертіне жиналғандай.  Бауыржан Байбектің  баяндамасын тыңдауға келгендерден бөлек, ішке кіре алмай қалғандар көп.

Әкімдік дайындаған арнайы тізімге кіргендер ғана залға жіберілген. Қалғандары сыртта қалды. Негізі, Республика сарайының балконы бос тұрды.

Таңдағы жиынға жиналғандардың арасында Баян Алагөзовадан бастап, басқа да өнер өкілдері өріп жүр. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та арнайы келген. Байбек әдеттегідей экономикалық түсімде алдына жан салмайтын Алматының жетістіктерін жіпке тізді. Қай салада болмасын серпін барын айтады. Бірақ, қаланың ақсаған тұстары да жоқ емес. Мәселен, 80 теңгелік жол жүру ақысы тұрғындардың оң жамбасына келгенмен, тасымалдаушылар қауымдастығы соның кесірінен соңғы бес жылдан бері қып-қызыл шығынға батқандарына қанша рет шағымданды. Ақыны 150 теңгеге дейін көтеруді сұраған.

Байбек бұл базыналарын жөнсіз дегенмен, тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Сәбит Аманбаев әкімге тура ақпарат жетпейтінін, жағдайды толық білмейтінін жайып салды.

-Айтқаныңыздың бәрі енді шындыққа сәйкес емес. Біздің тасымалдаушылардың да еңбегі зор. Жан салып жұмыс жасап жатыр. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз.

-  Сын айтылса, оны бірінші халыққа түсіндіріңіз. Нақты айту керек. Жай сөзбен емес.

Байбек сапа бір соқпаққа түспейінше, бағаны ешкім де көтермейтінін қадап айтты. Сонымен қатар, жауыр болған көлік тұрағы мәселесі қайтадан көтерілді. Осыған дейін аулаларда шлагбаум қоюға болмайды деп, оларды болмай алдырған әкімдік енді қайтадан қоюға рұқсат беретін болды. Өйткені, ақылы тұрақтан қашқандар үйлердің жанын сағалайды екен. Бір қызығы кезінде шлагбаумдардың көзін құртқанда өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметінің көліктері кіре алмай қалады деген уәж келтірген. Енді қайта қоюға рұқсат берулерін де дәл осы уәжбен байланыстырады.

Бауыржан Байбектің пәтер иелері кооперативіне көңілі толмай отыр. Айтуынша, қымбатшылықтан қағажу көріп жүрген қарашаны одан сайын коммуналдық қызметті қолдан көтеріп қысып жатыр. Тіптен, түбіртекке жалған мәлімет беріп, пайдаға батқан арамза жүз кооператив жазаланған екен.

Миллионды мегаполистің шешілмей жатқан проблемалары көп екені бәріне белгілі. Бірақ, түйіткілді тақырыптар неге екені қаузалмады.  Сұрақ қоюға шыққандар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, «аялдамамыз қашан жөнделеді», «ойын клубтарына қадағалау күшеймей ме» деген секілді ұсақ сұрақтардан ары аса алмады.

Асықты, ойын клубтарын көтерген тұрғындардың арасында биылғы қыс туралы ойланғандары болмағандай. Өйткені, қаңтарда Алматының біраз бөлігінде газ тоқтап, көмірден тапшылық көрді. Бұл жағдайдың келесі қыста қайталанбасына кім кепіл. Оны Бауыржан Байбектен сұрауға ешкім де бата алмағандай. 

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде