{metadescription}
Қызылордада көктайғақтан тайып жығылғандар ауруханаларға сыймай жатыр
Қызылордада көктайғақтан тайып жығылғандар ауруханаларға сыймай жатыр

Қызылордада көктайғақтан тайып жығылғандар ауруханаларға сыймай жатыр

Көктайғақтан келген кесапат. Қызылордада толассыз жауған жаңбырдан соң қала көшелерін сірескен мұз басып қалды. Кесірінен бір түннің ішінде тайып жығылған 80-ге жуық адам ауруханаға жеткізіліпті. Ал, қаладағы төтенше жағдайға байланысты бастауыш сыныптар үшін сабақ тоқтатылған. Себебі, жауынның арты қарға ұласып, жағдайды тіптен қиындатып жіберіпті.

Табиғаттың тосын мінезі талайды әп-сәтте тосылтып тастапты. Қыстың көзі қырауда толассыз жауған жауынның кесірінен қала көшелерін мұз басып, тайып жығылғандардың қатары күрт артқан. Қала тұрғыны Әділет Жұматаевтың айтуынша, көктайғақтан келген кесепат оны да айналып өтпепті. Көше бойында бір емес, екі мәрте құлап, оңбай жарақаттанған ол, ауруханадан бір-ақ шығады. 

Әділет Жұматаев, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Полиция бөлімшесіне  келе жатқанда бір құладым. Есігінің алдына келгенде тағы құладым, қырыммен. Түнде операция жасады.

Бір түннің ішінде түрлі жарақаттан зардап шеккен 80-ге жуық адам ауруханаға жеткізіледі. Тіпті, науқастар санының көптігінен  дәрігерлердің өзі көмекке жүгініп, қосымша травматолог, нейрохирург және рентген лаборанты мамандарын шақыруға мәжбүр болыпты.

Айдос Сапаров, Облыстық медицина орталығы травматология бөлімінің басшысы:

-73 науқастың барлығына рентген жасалды. Тексеріліп, анализдері алынды. Оның 5-і стационарлық емдеуге жатқызылды. Түнде екі науқасқа ота жасалды. Бүгін үш науқасқа ота жасалуы барысында барлығының жағдай тұрақты. Ауытқушылықтар жоқ.

Ал, жаңбырдың соңы қарға ұласып,  қаладағы ахуал одан сайын ушығады. Тіпті, тағалы ат тайып жығылатын көктайғақтан бір қоғамдық көлік аударылып қалған. Абырой болғанда, жолаушылар дін аман. Бірақ, қалада дабылды ескерту беріліп, бастауыш сыныптар арасында сабақ тоқталыпты. Ал, амалы таусылғандар мұз үстінде конькимен сырғанауға көшкен.

Берік Сарменбаев, Қызылорда қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

-Қызылорда қаласы бойынша 130 адам, 16 арнайы техника тартылып, сосын 160 тонна құм мен тұз себеліп, жұмыстар атқарылды. Азанғы 6-дан бастап 180 адам, 44 техника тартылып, тағы 336 тоннадай тұз қосымша себілді.

Көктем жақындағанда Сырдарияның тасуынан қауіптенген қызылордалықтарды тосыннан келген төтенше жағдай есеңгіретіп кеткендей. Жергілікті шенділер,  барлығын бақылауда ұстап отырмыз десе де,  дәрігерлер тайғақтан жарақат алатындардың қатары артуы мүмкін екенін айтады. Қазір қала ішіндегі қарбаластан бөлек, «Қызылорда-Жалағаш», «Самара-Шымкент» тас жолдарын жауып тастаған. Демек, қауіптің бұлты сейілгенімен, тұрғындарға әлі де аяғын аңдап басуға тура келеді. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.