{metadescription}
Оңтүстік Қазақстанда тұтас ауыл суға кетуі мүмкін
Оңтүстік Қазақстанда тұтас ауыл суға кетуі мүмкін

Оңтүстік Қазақстанда тұтас ауыл суға кетуі мүмкін

Байырқұм ауылының Сырдарияға жақын орналасқан үйлеріне өзен тым жақын қалған. Өзен арнасы өзгерген соң бір үйдің сарайы мен моншасын қазірдің өзінде су басыпты. Енді жергілікті тұрғындар дарияның баспаналарына санаулы метрлер ғана қалғанын айтып отыр. Олардың пікірінше жарты жыл ішінде өзен аңғары ауылға жүз метрдей жақындапты. Алайда жергілікті билік тым бейқам. Олар жұрттың даурықпауын сұрайды.

Сыр бойында орналасқан Байырқұм ауылындағы жұрт үреймен күн кешіп жүр. Себебі, өзен арнасы соңғы бірнеше ай ішінде ауылға қарай екпіндей бұрылыпты. Жұрттың айтуынша жарты жыл бұрын ғана қазір су басып жатқан өзен орнында тоғай болған екен. Қазір ол жер дарияның арнасына айналған.

Нұрсұлтан Нұржан, Байырқұм ауылының тұрғыны:

-Жарты жылда 100 метр кетіп қалды. Мынау құздан  келе жатыр. Көктемде су толады. Ертең тау басынан қар еріген кезде мына Сырдың биіктігі көтеріледі. Сол кезде мына жардың бәрі құлап келе жатыр.Осыдан қорқамыз біз. Мынау Байырқұм ауылының шетіне жақындап қады. Алдыңғы жағы құлап жатыр.

Көзінің мүгедектігі бар ерлі-зайыпты Махановтар отбасы арнасы бұрылған дарияның алғашқы құрбандығына айналды. Ауылдың өзенге ең жақын шетінде орналасқан олардың сарайы мен моншасына қауіп қазан айында төнген екен. Дарияның моншасына бар-жоғы бір адымдай ғана қалғанын айтып ауыл мен аудан әкімдігіне барған. Тек, жүрдім бардым тексерген атқамінерлер қауіп жоқ деп қайтарыпты. Араға екі өтер-өтпес моншасы мен сарайы опырылып суға кеткен. Ал, күніге опырылып жатқан жар мен үй арасы қазір 25 метрдей ғана.

Раушан Махан, Байырқұм ауылының тұрғыны:

-Далаға шығам деп жар басына құлап кетсе мен не істеймін?  Қорқамын, уайымдаймын. Бірдеңе селк етсе қорқамыз. Түнде Құдай ақы, шынымен ұйқыдан арылдық шынымен.

Алдын қауіп жоқ деп селсоқтық танытқан билік енді Махановтар отбасына ауыл ішінен жер береміз деп отыр. Бірақ, екі жеткіншегі бар мүгедектер отбасының үй салатын да жағдайы жоқ. Жалпы, Байырқұмда өзен бойына жақын орналасқан 30-дан аса үй бар екен. Су деңгейі көтерілсе жарты жыл өтпей-ақ суға кету қауіпі төніп тұр. Бірақ, әкім-қаралар тым жайдары.

Мұрат Әлетбаев, Байырқұм ауылының әкімі:

- Бүгінгі таңға қауіп төніп тұрған жоқ ешқайсысына бұлардың. Осы кісінің сарайына қауіп төніп, сарайы құлады. Ол қауіпті болатын болса халық өздері тұр ғой айтсын. Бірақ, біз бұны алдын ала жасап, сметасын жасатып жатырмыз. Құдай қаласа  тоқтатуымыз керек. 

-Биліктің есебінше үйлерді сақтап қалудың жалғыз амалы ол жағалауға бетон плиталар төсеу екен. Қазір, Сыр бойының 300 метрін бетондауға жоғарыға тапсырыс берілген. Бірақ, атқамінерлердің жоспары тым күмәнді сияқты. Себебі, 12 жыл бұрын жағалауды ұстайды делініп, жағаға төселген бетондар қазір су астында жатыр. 

Басшылардың бетон плиталарын орнатуын «суға кеткен тал қармайдыға» балаған жұрт су астында қалмасақ болды деп үрейленіп отыр. Қорқыныштысы сол дарияның тез опырылып жатқан жағалауына ауылдағы жалғыз мектепте жақын орналасқан. Бар-жоғы 350 метрдей екен. Байырқұмдықтар өзен дәл қазіргідей кете берсе 2 жыл болмай одан да айрыламыз ба деп қауіптенеді.

Кеше

15 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде