{metadescription}
​Алматыда бауыр еті баласын тастап кеткен екі бірдей көкек ана іздестіріліп жатыр
​Алматыда бауыр еті баласын тастап кеткен екі бірдей көкек ана іздестіріліп жатыр

​Алматыда бауыр еті баласын тастап кеткен екі бірдей көкек ана іздестіріліп жатыр

Ең сорақысы, балалар ауруханасына жеткізілген сәбилердің бірі әлі қырқынан шықпаған екен. Безбүйрек анасы шақалақты жер асты өткеліне  тастап кетіпті. Ал, екінші 7 айлық баланы полицейлер әуелі анасымен бірге көшеден кезіктірген. Бірақ,  араққа сылқия тойып алған әйел өзі туралы  мардымды ақпарат айтпаған. Кейін мастығынан айыққан соң баласынан безініп, тайып тұрыпты.

Бір аптадан бері анасы іздестіріліп жатқан сəбиді қаладағы басты көшелердің қиылысындағы осы жер асты өткеліне тастап кеткен екен. Құндақтаулы шақалақты байқаған жүргіншілер бірден полицейлерге хабар береді. Бірақ, əлі ай толмаған бейкүнə періштені кімнің қалдырып кеткені белгісіз. Тек, оралған жаялығына бір жапырақ қағаз қыстырылып, онда 21-наурызда дүниеге келгені жазылыпты.

Әрі-бері ағылған жаяу жүргінші түзге отыратын мекенге айналған жер асты өткелінде шақалақтың шырқыраған дауысы әлі де естілетіндей. Туа сала тағдырдың тәлкегіне түскен сәбиді жедел жәрдеммен қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізген.

Айнұр Уәлиева, клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

-Түскен кездегі жағдайы салмағының аздығына, шала тууына байланысты орташа ауырлықта. Қазір барлық тексерулерден өтіп жатыр. Салмақ қосып, смес ішіп жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық.

Ал, бұдан өзге 7 айлық баласынан бас тартқан әйелді сақшылар әуелі көшеден жолықтырады. Алайда, араққа сылқия тойып, аяғынан әзер тұрған оның аты-жөнін және Алматы облысының тумасы екенін анықтау мүмкін болады. Бірақ, кейін мастығы тарқаған көкек ана, сәбиіне қарамастан  белгісіз бағытқа тайып тұрған. Қазір баласынан жеріген ананы іздестіру жұмысына облыстық полицейлер де кіріскен.   

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

-Қазіргі таңда Алматы облыстық ІІД қазметкерлері тексеру амалдарына жұмылдырылды. Іле ауданына қарасты сол елді-мекеннің тұрғындары сұрастырылады. Шынымен осы азаматша тұратын болса, оның туған-туысқандары іздестіріледі.  Қандай да бір құжаттары жоқ. Сондықтан баланың аты-жөнін білмейміз, тек анасының атын білдік.

Мастықтан есін жиған соң бауырындағы баласынан безінген ол ресми түрде бас тартса, қажетті шаралар қабылданады дейді, полицейлер. Ал, қырқынан шықпаған шақалақты жер асты өткеліне қалдырған көкек ана, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ата-аналық құқығынан айрылуы мүмкін.  Бірақ, балалар ауруханасындағы қос тастандыны әзірге ешкім іздеп келмеген.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.