{metadescription}
«7-20-25»: Ипотека беру не үшін тоқтатылды?
«7-20-25»: Ипотека беру не үшін тоқтатылды?

«7-20-25»: Ипотека беру не үшін тоқтатылды?

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін жеңілдетілген ипотека тоқтатылады. Инвестициялар және даму министрлігі осындай мәлімдеме жасады.  «7-20-25» жобасының қабылдануына байланысты оның енді керегі болмай қалған екен. Осы бағдарламаға өтініш өткізгендердің ендігі жағдайы не болады?

Құрылыс нарығында дағдарыс басталды деген рас па? Ол туралы студиямызға келген әріптесім Асқарбек Қазанғаптың өзінен сұрайық.

-Кеш жарық әріптестер! Расында, жанбай жатып өшкен Нұрлы жер бағдарламасымен берілетін ипотека жаңа жобаның көлеңкесінде қалғандай. О баста ұзақ мерзімге жоспарланғанына көпшілік куә.

Бастауын былтыр алған «Нұрлы жер» құрылыс нарығын тірілтуге, теңгесін тірнектеп жинап жүрген жұртшылыққа баспаналы болуға септесіп, еңсесін көтеруге бағытталған еді. Осы мақсатта жыл сайын үкімет Қазақстан ипотекалық компаниясына 10 млрд теңге аударуы тиіс болатын.

Тұрғындарға осылайша, субсидиямен ипотека алып, 10 пайыздық мөлшерлемемен 20 млн теңгеге дейін несие рәсімдеуге мүмкіндік жасалды. Бағдарламаның қыр-сырымен танысып, тіркелушілердің қатары енді еселеніп жатқанда, ипотеканы үкіметтің тоқтатамыз деуі түсініксіз жағдай.  Былай қарасаң, ауқымды жобаны ашып-жабу ойыншық емес қой. Инвестициялар және даму министрлігі осыған дейін ипотека алғандардың алдындағы барлық міндеттер орындалады деп ақталып жатыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы іске қосылғаннан бері жеңілдетілген ипотека алуға қазақстандықтардан 2689 өтініш түсіп, оның 97 пайызы мақұлданған. Оған 27 млрд теңге қарастырылған. Айта кетейік, Нұрлы жер бағдарламасындағы басты шарттардың бірі 30 пайыз жарна төлеу.

Енді наурыздың бесінен бері жыр болған «7-20-25» бағдарламасының жайына келейік. Ол осы жеңілдікпен берілетін ипотеканың орнын толғымен баспақ.

Екінші жарты жылдықтан бастап  іске қосылатын бағдарлама бойынша жұрт 25 жылға 7 пайызбен баспана ала алады. Алдын ала төлемі "Нұрлы жердікіндей" 30 емес, 20 пайызды құрайды. Бастамаға Ұлттық банк 1 трлн теңге құймақ. Ұлттық банк жаңа бағдарламаның ғұмыры ұзақ болатынына сенімді. Бірақ қаржы сарапшыларының бұл пікірмен келіскісі жоқ. Негізгі проблема, көпшіліктің несие төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сөзге дәйек, құрылыс нарығында қайтадан дағдарыс басталды.

Соңғы бес айдың ішінде берешектердің қатары 15 тен бірден 28  пайызға дейін өскен. Мұндай құбылу соңғы рет 2009 жылы тіргелген еді. Ол кезде қарызын төлемегендердің үлесі 10 нан 22 процентке бір-ақ секірген.

Жыл басынан бері ипотека нарығында тыныштық. Бірінші тоқсанда тұрғын үй құрылысына банктер тарапынан құйылған несие 3 пайызды ғана құраған. Салыстырмалы түрде, былтыр осы уақыттағы көрсеткіш 5,5 пайызды көрсеткен.

Соған қарағанда, жұртшылық та, құрылыс компаниялары да әліптің артын бағып жатыр. «7-20-25» бағдарламасының іске қосылуымен тұрғын-үй нарығындағы баға да өзгеруі мүмкін екенін сарапшылар осы бастан айтуда.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде