{metadescription}
Тау көшкіні: Көлсайға жақын тұратын жұрт үйлерін тастай  қашып жатыр
Тау көшкіні: Көлсайға жақын тұратын жұрт үйлерін тастай  қашып жатыр

Тау көшкіні: Көлсайға жақын тұратын жұрт үйлерін тастай қашып жатыр

Көлсайдағы тау көшкінінің жылдамдығы баяулағанымен, қауіп күшеюде! Алматы облысында ертең күтіліп отырған нөсер жаңбыр жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Бір бөлігі сырғып түскен тауда жарықтар пайда болған. Енді оның да кез-келген сәтте опырылу қаупі бар. Тау көшсе де, апаттың басы-қасында жүрген мамандар сөзден іске көшпепті.

Көлсайдың көркін көшкін қашырып тұр. Бір аптадан бері сырғыманың тоқтар түрі жоқ. Қайта қазір  жылдамдығы баяулаған. Бастапқыда сағатына 3 метрге қозғалған тау қазір 1 сантиметрге сырғуда. Сонда да, қауіп сейілді деп айтуға келмейді.

- Көшкін жүрген аумаққа жақындауға қатаң тыйым салынған. Сондықтан, мамандар мынадай ескерту тақтайларын іліп қойыпты. Өйткені, құлаған таудың бір бөлігі бос тұр. Және оның кез-келген сәтте опырылып түсуі мүмкін.

Сырғыманың Ұлттық паркке барар жолды басып қалғанын еске салайық. Яғни, қазір әйгілі Көлсай көліне жету мүмкін емес. Тіпті, төменге құлдилаған тау өзен арнасын жаба бастаған. Десе де, қазір су басқа арнамен ағуда. Тасқын қаупі жоқ дейді мамандар. Сырғыма жолында кездескенді жайпап келе жатыр. Оның астында малшының үйі мен электр бағандары қалған.  Көшкен таудың дәл қасында бірнеше жер үй бар. Онда қалу қауіпті болғандықтан, иелері апат басталған күні-ақ, дүние-мүлкін жинап кетіп қалған. Саты ауылы да көшкін болған аумаққа жақын. Оның тұрғындары табиғаттағы тосын жағдайды алғаш  рет көріп, шошынып отыр. Оның үстіне бұл елдімекенді де жағалай тау қоршап тұр.

Баян Оңқайбекова, Саты ауылының тұрғыны:

-Қорқынышты. Ондайды көрмегенбіз бұрын. Табиғатымыздың сәнін бұзды.  

Опырылған жердің көлемі 50 миллион текше метр. Оны мамандар елімізде соңғы 50 жылда болған ең үлкен көшкін деп бағалады. Мұндағы қызметкерлер әзірге сырғыманың бір орынға тоқтауын күтіп жүр. Одан соң қалай әрекет ететіндерін әзірге білмейді екен.

Мейрам Нұрымбетов, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басқарма басшысы:

-Ешқандай зиян болмауы керек қой адамға. Сол үшін біз күтеміз қашан мына сырғыма тоқтайды. Тоқтағасын тек қана, зерттеледі, одан кейін жұмыс басталады. 

Көлсайдағы кесапатқа жиі болған зілзала мен жауын-шашын себеп болған. Ертең де Алматы облысында нөсер жаңбыр күтілуде. Синоптиктердің бұл болжамы штабтағы төтенше жағдай қызметкерлерін қорқытып қойған. Өйткені, жауын жауса, таудың қозғалысы қайта қарқын алмақ.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде