{metadescription}
Туристерден ұят емес пе? Алакөлге апаратын жолдың тас-талқаны шыққан
Туристерден ұят емес пе? Алакөлге апаратын жолдың тас-талқаны шыққан

Туристерден ұят емес пе? Алакөлге апаратын жолдың тас-талқаны шыққан

Алакөл отандық «Антальяға» айнала  ма? Соңғы үш жылда Алматы облысындағы демалыс аймағына ат басын бұрғандардың саны бірден алты есеге артқан. Бірақ, жол мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Жиырма жылдан астам жыр болған жол проблемасының шешімі қашан табылмақ?

Өзгелермен терезесі тең түспесе кем түспейтін мұндай қонақ үйді Алакөл жағасында кездестіру қазір таңсық емес. Бұрынғыдай ашық-шашық лашыққа көпшілік алданбайды. Клиент қалауына құлдық ұрған кәсіпкерлер тіптен әлемдік стандартқа сай бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысына кіріскен.

- Қазір Алакөлде дауыл алдындағы тыныштық десе де болады. Адамдар жоқ, жағалау бос. Айналдырған екі аптаның ішінде бұл жақтың жұмысы жанданады. Осыдан үш жыл бұрын Алакөлге 150 мыңға жуық адам ат басын бұрса, былтыр бұл көрсеткіш 700 мыңнан асып жығылған. Ал, биылғы туристердің қарасы одан да көп болады деп күтіліп отыр.

Қалауыңыз бен қалтаңыздың қалыңдығына қарай көрсетілетін қызмет құны сан қилы. Бір күнге жалға алу 10 мыңнан бастап 60 мыңға дейін кетеді. Демалыс орындары сылап, әктеп, соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Бұрынғыдай қонақтарға ат-үсті қарамайтын болған.

САЯТ МОЛДАХАНОВ, ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-Жаңадан ашылғандар ақшасын тез қайтарамыз деп ойлайды да бағасын көтереді. Ол дұрыс емес. Бағаны халықтың жағдайына қарай қойсаңыздар, сонда халық көп келіп демалады. Бағаны көтеріп керегі жоқ деп ойлаймын.

Бір қарағанда бәрі жақсы-ақ.  Бірақ бір әттеген-ай бар. Берісі Өскеменді, арысы Алматыны жалғайтын жалғыз жолдың дал-далы шығып, шұрығы мен ойығы жамалмағанына жиырма жылдан асып кеткен. Жеңіл көліктің тұсаулы аттай жүрісі өнбейді. Дедектеткен тас жолда есі шыққандар одан кейін қалай жарытып демалар? Бірақ, жергілікті билік бөрікті аспанға атар жақсы жаңалықтың шетін шығарды.

ӘЛІБЕК ЖАҚАНБАЕВ, АЛАКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

-Талдықорған-Қалбатау-Өскемен жолы қолға алынды. Ол үш жылдық жоспар. Ол үш жылдың ішінде аяқталып бітеді. Қытайдың үлкен коорпорациясы қолға алып отыр. Содан кейін Үшарал-Достық жолы, 184 км жол бюджеттен 42 млрд 200 млн теңге бөлініп отыр.

Жоспар ойдағыдай жүзеге асса үш жылдан кейін тақтайдай асфальт төселіп бітеді. Оның үстіне Алакөл жағасындағы Ақши ауылында осы көктем су жаңа вокзал ашылды. Үшаралда былтыр әуежай қосылғанын ескерсек, Алакөлді өзімізден бұрын өзгеге ұялмай көрсете алатын күн қашық емес шығар деп үміттенейік.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде