Шетелдік миллионерлер Назарбаевқа мұңын шақты
Салық мекемелері өзінің қателігін сот арқылы шешпеуі тиіс. Астанада Президент жанынан құрылған Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысында осындай пікір айтылды. Ел экономикасының беталысын айқындайтын инвесторлар Қазақстанда адам капиталын дамыту керек деген пікірде.
06.06.2018
Тәуелсіздік сарайына жиылған мына бизнесмендердің бәрі экономиканың бір бұрышын тіреп тұрған мықтылар. Елбасы Қазақстан нарығына миллиардтаған доллар құйып отырған ірі шетелдік компаниялардың жетекшілерін осылай төрге шығарып, ризашылығын білдіріп айтып отыруды ұмытқан емес.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қиын жылдарда бізге ақыл-кеңес бердіңіздер. Сіздермен бірге шенеуніктеріміздің нашар жұмысын реттеп, заңнамаларымызды түзетіп отырдық. Сіздерсіз аяқтан тұруымыз мүмкін емес еді. Сол үшін сіздерге зор алғысымызды білдіреміз.
Айталық, осы күнге дейін бүкіл инвесторлардың еліміздің нарығына құйған қаражаты 300 миллиард долларға жетіп жығылған. Әйтсе де олар бізде адами капиталдың дамуына күш салу керектігін айтады.
Сума Чакрабарти, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:
-Еуропалық қайта құру және даму банкінің сіздің елге құйған ақшасы 9 миллиард долларды құрайды. Бірақ, мәселе ақша көлемінде емес. Біз осы қаражат арқылы елде жасыл экономиканың жетіліп, өңірлердің дамып жатқанына қуаныштымыз.
«Жеделдетілген жаңғырту» деп аталған отырыстың жөні бөлек. Өйткені, шетелдік инвесторлар осы отырысқа Жоғарғы Сот төрағасының қатысуын сұраған көрінеді. Сөйтсе, олардың мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарына айтар назы бар екен.
Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы Сот төрағасы:
-Біздің соттарымыз керемет емес, оны мойындаймыз. Бірақ, Президент инвестициялық сот төрелігін енгізді. Соның нәтижесінде, инвесторларға қатысты қаралған 40 істің 38 пайызы солардың пайдасына шешілді. Бұндай көрсеткіш халықаралық арбитражды соттарда да жоқ.
Президенттің мәлім еткені, еліміз соңғы он жылда 3 мың шақырым теміржол, 6,5 мың шақырым автожол, Қытаймен шекарада логистика торабы мен батыста теңіз порттарын салған. Соның бәрінде инвесторлардың берген жәрдемі орасан.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Кемшіліктеріміз де, қателіктеріміз де жеткілікті. Сондықтан, атқарылар жұмыс көп. Бірақ, ең бастысы біздегі инвестиция көлемі жан басына шаққанда әлемдік орташа көрсеткіштен бір сан жоғары, ал дамушы елдерге қарағанда екі есе артық тұрмыз.
-Басқосуды қорытындысында шетелдік инфесторлар айналып кеп мемлекеттік органдарға өтініш жасады. Яғни, салықтан жалтарған жағдайда бірден қылмыстық іс қозғауды доғару керек дейді. Сонымен бірге, жергілікті кадрлардың кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін шетелдік мамандарды тарту керектігін айтады. Сол үшін тіпті заңға өзгеріс енгізуді сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!