{metadescription}
Сот залынан босатылған Сайрагүл Сауытбайды жұрт шашу шашып қарсы алды
Сот залынан босатылған Сайрагүл Сауытбайды жұрт шашу шашып қарсы алды

Сот залынан босатылған Сайрагүл Сауытбайды жұрт шашу шашып қарсы алды

Сайрагүл Сауытбай сот залынан бостандыққа шықты! Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыпталған қытайлық қандасымызға қатысты жағдай қоғамды, әсіресе, әлеуметтік желіні дүрліктірген еді. Тіпті шетелдіктердің де назарын аударған болатын. Оcындағы отбасы үшін басын қатерге байлаған келіншектің оқиғасы мемлекеттік айыптаушыдан бастап, судьяның өзін толқытқандай. Жаркенттегі сот залынан көпшілік сүйінші сұрап шығып, процестің соңы тойға ұласып жатыр.

Жаркенттегі соттың алды бүгін таңертең құдды бір жәрмеңкеге ашылғандай болып кетті. Екі жүзге жуық адам ішке кіруге талпынғанмен, тар залға үштен бірі ғана өткізілді. Шағын шаһарда мұндай шулы іс бұрын-соңды болмаған. Талай жүректі егілтіп, талай көңілді босатқан Сайрагүл Сауытбайдың оқиғасы қоғамда күтпеген резонанс тудырғаны анық. Оны қолдауға халықаралық ұйым өкілдері, Неміс консулдығынан бастап, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары қостап, қоғам белсенділері де ат терлетіп жеткен.

Ә дегеннен адвокат судьяға Сайрагүлге көші-қон полициясы берген "пана іздеуші тұлға" құжатын шешім шығарғанда ескеруді өтінді. Өткен отырыстан кейін, Қытай консулдығы Сайрагүлмен оңаша кездесуді сұраған екен. Бірақ одан айыпталушы бас тартты. Екі баласы мен жары үшін амалдың жоқтығынан шекараны заңсыз кескен келіншек оны елде тергегендер балаларыңды жетім етіп, өзіңді Қытайға тапсырамыз дегеннен есеңгіреп, 6 күн аурухананың төсегіне таңылғанын айтты.

-Заңды түрде келуге мүмкіндік болмағасын амал жоқ осыған бардым. Барлықтарыңыз да бала өсіріп отырсыздар. Мен сияқты ананың қасіретін толық түсінеді деп сенемін.

2016 жылы Сайрагүлдің күйеуі мен балалары бергі бетке өткенімен, оны белгісіз себептермен Қытайда қалдырған. Содан бері саяси оқуларға салған, балабақшада меңгеруші болған келіншекті мемлекет құпиясын жаяды деген күдікпен жібермепті-міс. Сот залында көңілдерін күдік пен үміт басқан жары мен балалары да отырды. Анасына деген бала сағынышын көзден төгілген жас жеткізгендей...

-Анамды сағындым

 Анам тезірек шыққанын қалаймын...

Қытайда қысастық көрдім деп ақталған қандасымыз 44 мың юань парамен шекараны кесіп өтуге рұқсат беретін қағазды алған. Қорғас бекеті арқылы бергі бетке өткен соң оны 23 маусымда Алматы облысы Бәйдібек ауылында жатқан жерінен құзырлы орган қызметкерлері алып кеткен. Содан бері талай тергеліп, жауапқа тартылды. Оның шекараны кесіп өтуі аса ауыр қылмысқа жатпайды. Бұл жерде жұрттың ұлардай шулауына Сайрагүлді Қытайға кері қайтарса ату жазасына кесіле ме деген қауіп еді. Шырылдаған келіншектің бастан кешкені мемлекеттік айыптаушының өзін толқытқандай. Прокурор Сайрагүл Сауытбайды шартты түрде сот залынан босатуды сұрап, өтініші айыпталушының адвокатымен үндес шықты. Осылайша, айыптан бұрын ана зарын ескерген прокурор қошеметке ие болды.

-ҚР ҚК 55 бабы 4 ші бөлігі негізінде қосымша жаза ҚР шегінен шығаруды қолданбауды,күзетте ұстау жазасын өзгертіп,сот залынан қамаудан босатуды сұрайды.

Барлық тараптың сөзі бір жерден шығып, судья тоқ етер шешім түстен кейін айтылады деп тарқатты. Іштен толқынысқа толы күймен шыққан көпшілік, тебіреністен есік алдында жалынды жырларын оқып, жұрт жігерін жаныды.

Үкімді оқуға шыққан судья болған жайды басынан бір сағат баяндап шығам дегенше көк терге түсті. Сайрагүл Сауытбайдың бұл қылмысқа отбасымен қауышу үшін барғанын ескере отырып, оны шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Қиқулаған осынша көп адамның жаппай судьяға алғыс айтуы сирек кездесетін шығар. Қуаныштан көз жасын сүрткендер Сайрагүлді сот залынан шыққанда шашумен, гүлмен қарсы алды. Өң мен түстің ортасындағы күйде тұрған Сайрагүлдің солғын тартқан жүзі бір-ақ сәтте бал-бұл жайнап шыға келді. Бүгінге дейін қолдау білдірген әрбір жанға айтар алғысы шексіз.

-Әділдік орнады деп атойлаған халықтың қуанышында шек жоқ. Сайрагүлді қаумалаған көпшілік үшін бүгін думан, бүгін той. Әр қазақты жалғызым деп білетін жұртшылық осындай әділет тойы көп болуын тілейді.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде