{metadescription}
Алматы әкімдігі  мен  "Қазақфильм" арасындағы жер дауы  ушығып кетті
Алматы әкімдігі  мен  "Қазақфильм" арасындағы жер дауы  ушығып кетті

Алматы әкімдігі мен "Қазақфильм" арасындағы жер дауы ушығып кетті

Алматы әкімдігі "Қазақфильм" киностудиясының 5 жарым гектар жерін өз иелегіне алғалы жатыр. Бұл мәселеге бей-жай қарай алмаған "Қазақфильм" басшылығы мен өнер иелері бүгін өз мәлімдемелерін жасады. Әкімдік ол аумаққа «Ethnoland» ұлттық-мәдени кешенін салмақ. Сондықтан атқамінерлер бұл әрекетінен еш әбестік көріп тұрған жоқ. Ал киностудия өкілдері бұл - жерге қатысты заңдарды өрескел бұзу дейді.

«Қазақфильм» басшылығы базынасын бүкпесіз айту үшін белді-белгілі актер, режиссерлердің басын  қосқан. Бірақ, сойылын соғады-ау деген кей адамның аты-жөнін білмей жиынға асығыс шақырғандары келгендердің күлкісін келтірді.  Гәп мынада. Әкімдік «Этноленд» ұлттық мәдени-кешенін саламыз деп киностудияның 5,5 гектар учаскесін тартып алмақ. Алып Алматыда басқа жер таппай, "Қазақфильмге" келіп соқтыққан атқамінерлердің әрекетін жиналғандар сотқарлыққа балап отыр.

Сатыбалды Нарымбетов, режиссер:

-Біз құдды бір Астанадан жәрдем сұрап, осы жерді қамқорлығына алсын деген хат жазғанбыз екен. Өтірік! Ондай хат жолдаған жоқпыз! "Қазақфильм" ұлттық құндылыққа жатпаса, онда опера театрын да, Әуезов театрын да алсын онда.

2010 жылы қабылданған жер актісінде киностудияға 50 жылға жалға берілген телім бөлінбейді деп көрсетілген. Ал 2017 жылдың 21- ші шілдесінде қалалық әкімдіктің шығарған қаулысында: Мәжбүрлі түрде тартып алсын деген талапты тайға таңба басқандай етіп жазыпты.

-Әкімдік көз салған "Қазақфильм" учаскесінде «Қазақ хандығы» сериалының декорациясы тұрғанына бірнеше жыл болды. Мұндай алаңның киностудия аумағында орналасуының басты артықшылығы алысқа сабылудың қажеті жоқ, артық шығыннан арылтады. Егер де Алматы әкімдігі мәжбүрлі түрде тартып алатын болса, онда мұның бәрі тып-типыл сүріледі.

Осы аумақта «Томирис» тарихи фильміне арналған тағы бір декорацияның құрылысы басталып жатыр. Түсірілім күзге жоспарланған. Әкімдік алып қойса, құйылған миллиондар желге ұшып, еңбек еш кетеді.

Ермек Тұрсынов:

- Алматыда пайдаланылмай бос тұрған жер өте көп. Сол жерде тиін, аю мен барысын баға ма, өздері білсінші. Киношыларды жайына қалдырсыншы.

Қалалық әкімдік аталған 5,5 гектар пайдасыз, бос жатыр дегенді алға тартады. Сол себептен, былтыр жалға алу келісім-шарты да бұзылған. Енді ойға алған жобаларын жүзеге асырмай тынбақ емес. Салынуы тиіс этноауыл қазақ тарихы, дәстүрінен сыр шертетін кешен болмақ.

Мақсат Қиқымов, Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

- Осыған дейін "Қазақфильм" киностудиясы бірнеше рет бізге өтініштерін айтқан болатын. 5,5 гектар аумақты осындай жобаларға  беруге қарсы емес екенін де жеткізді. Әкімшілік мәжбүрлі түрде тартып алып жатыр дегендері шындыққа жанаспайды.

"Қазақфильм" мен әкімдіктің бір мәселедегі пікірі екіге жарылып тұр. Әркімнің өз шындығы бар. Киностудия өнерге жанашыр жандардың қолын жинап, хат жазып, оны Елбасына жолдап араша сұраймыз деп тарқасты.

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.