{metadescription}
Алматылық зейнеткер Кеңсай-2 зиратын басқа жаққа көшіруді талап етті
Алматылық зейнеткер Кеңсай-2 зиратын басқа жаққа көшіруді талап етті

Алматылық зейнеткер Кеңсай-2 зиратын басқа жаққа көшіруді талап етті

80-нен асқан қарияның айтуынша, күн өткен сайын саяжайға жақындаған қорым жұртқа қолайсыздық туғызған. Терезеден тау беткейіндегі әдемі көріністі тамашалаудан қалдық деген ол, үрейленген тұрғындардың саяжайларын тастап көшкенін айтады. Ал, қорымда барлық санитарлық талаптар сақталған деген құзырлы мекме өкілдері, мұндай өтініш ақылға сыймайды дейді.

Алматылық Иван Токарев 53 жыл құтты мекеніне айналған саяжайға қазір сирек ат басын бұрады.  Өмірімде өлілермен қоңсы болуды ойламаппын деген ол, жота басындағы Кеңсай-2 зираты жыл өткен сайын саяжайға ентелей түскенін айтады.  Тіпті, қорымнан қорқып үрейі ұшқан жұрт үдере көшуге кірісті дейді зейнеткер.

Иван Токарев, Алматы қаласының тұрғыны:

-Айналада тірі жан қалмады. Мына тұста 11 саяжайдың иесі үйлерін тастап кетті. Күндіз келсек те, түнде қонуға қорқамыз. Кейбіреулер өлілерден несіне қорқасың деп келемеждеп жатады. Дәттері шыдаса өздері келіп көрсін. 20 жыл бұрын бұл жотаның көрінісі керемет еді. Қазір терезеден қарау да мүмкін емес.

Жасы 80-нен асса да құжатқа құнтты қария арызын көтеріп талай құзырлы мекеменің табалдырығын тоздырыпты. Өтінішінде Кеңсей-2 қорымын жотаның басқа бөлігінен  жалғастыруды сұраған. Ал, арнайы рәсімдік қызмет көрсету комбинатының өкілдері, зират аумағында заңға қайшы әрекет жоқ дейді. Айтуларынша, арызданушының саяжайы мен қорым арасы  500 метр. Санитарлық талап бойынша 300 метр қашықтық жетеді дейді олар.

Марат Исмаилов, «Арнайы рәсімдік қызмет көрсету комбинаты» директорының орынбасары:

-Кеңсай-2 зиратының аумағы мемлекеттік актімен заңды бекітілген. Сондықтан бұл беткейге жерлеуді тоқтатуға құқығымыз жоқ. Бірлі-жарым адамның талабымен заңға қарсы шыға алмаймыз. Барлығы заң аясында реттелген. Ал, Токаревтың өтініші ақылға сыймайды. 

Арнайы рәсімдік қызмет көрсету комбинатының мәліметінше, қалада үлкенді-кішілі 71 зират бар. Ал, Кеңсей-2 қорымының аймағы 45 гектар. Кейін тағы 4 жарым гектар қосылыпты.  Саяжайға жақындамақ түгілі, әлі екі ортада белгіленген сызыққа жетпеді дейді құзырлы мекеме қызметкерлері. Алайда,  зейнеткер Иван Токарев талабымды соңына дейін жеткізбей тынбаймын деп бекініп отыр.

Кеше

19 сәуір

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде