{metadescription}
Алматы облысында күйдіргі кеселіне шалдыққан малдардың өлекселері көмілген жерге мектеп салынбақ
Алматы облысында күйдіргі кеселіне шалдыққан малдардың өлекселері көмілген жерге мектеп салынбақ

Алматы облысында күйдіргі кеселіне шалдыққан малдардың өлекселері көмілген жерге мектеп салынбақ

Шенеуніктердің бұл шешіміне ауыл тұрғындары үзілді-кесілді қарсы. 2010 жылы аталған індетті жұқтырды деген күдікпен карантинге жабылған ауылдың халқы кеселдің кесапатын тағы тартамыз ба деп отыр. Ал әкімдіктегілер қауіпті аймаққа білім ошағымен қатар, 100 үй мен мұражай салуды да жоспарлапты.

-Бұл осыдан сегіз жыл бұрын сібір жарасына шалдыққан мал мәйіттері көмілген қорым. Қауіпті аймақ ешқандай қоршаусыз тұр. Тіпті кесел жұқтырған малдардың сүйектері шашылып жатыр. Халық қауіпті дерт сыртқа шығып, мал мен адамға жұға ма деп қауіптенеді.

Мал өлекселері ашық-шашық жатқан аумаққа мектеп пен 100 үй салынады дегенді естіген қалың қарашаның одан әрі тынышы кеткен. Жұртшылық қоздырғышы ондаған жылдар бойы жойылмайтын кеселдің кесапатын тағы да тартамыз ба деп алаңдаулы. 

Досым Қалиақпаров, Қазатком ауылының тұрғыны:

- 2010 жылы біздің ауылды бір ай карантинге жауып тастаған. Ешқайда шыға алмағанбыз. Мына жер түрлі ауруға шалдыққан малдардың, қой-ешкілердің көмілген. Бұралқы иттердің мекені.

Сайди Додуев, Қазатком ауылының тұрғыны:

-Бұл жерге мектеп салынатын болса, меніңше Казатком тұрғындары не баласын, не немересін жібермейді. Кімнің өлгісі келеді. Олар біле тұра соны істейді. Енді біз қиналып жатырмыз. 

Осы қоқыс алаңы арқылы су құбырын тарту жұмыстары да басталыпты. Қазылған жерден ауру малдардың сүйектері топырақ бетіне шыққан. Бұл көрініс жұрттың үрейін үдете түсті. 

Гүлнәр Күлшашаров, Қазатком ауылының тұрғыны:

-Қазған жерлерінен ауру малдарды көмген сүйектер шығып жатыр. Сол құбырлармен өтіп, жүргізген суларынан ауырамыз ба деп қорқамыз. Бізге су керек емес. Суымыз бар ауылда.

Мал терісі мен сүйектері шашылып жатқан қорымды әкім өз көзімен көрмеген сыңайлы. Атқамінерлер 2010 жылы Қазатком ауылында күйдіргі кеселі таралмағанына сенімді. Олар білім ошағы мен үйлер бой көтеретін аймақ барлық эпидемиялық тексерістен өтті деп өздеріне шаң жуытар емес. 

Сабыржан Айтбаев, Ақши ауылдық аймағының әкімі:

- Ол жерде ешқандай мал өртелген жоқ. Көмілген жоқ. Ол ақпарат дәлелденген жоқ сол кезде. Халықтың өздері апарып тастаған. Билікке жала жаппасын.

Ең сорақысы, қоқыс үйіндісінің орнына осы ауылда туып-өскен Тұман Молдағалиевтің мұражайы да салынбақ. Жұрт шенеуніктердің бұл шешімі отты жырларымен танылған ақынның аруағын сыйламау дейді. Ал, үрей құшағында өмір сүріп жатқан ауыл тұрғындары бұл өзекті мәселені облыс әкіміне жеткіземіз деп бекінген.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде