{metadescription}
«Ұлы даланың жеті қыры»: Президент мақаласы елде қызу талқыланып жатыр
«Ұлы даланың жеті қыры»: Президент мақаласы елде қызу талқыланып жатыр

«Ұлы даланың жеті қыры»: Президент мақаласы елде қызу талқыланып жатыр

Тарихи тұлғалар туралы фильмдер түсіріліп, ежелгі мәдениетімізді көрсететін мұражайлар ашылады. Ал ескі Отырар қаласы қалпына келтіріліп, туристердің көзайымына айналмақ. Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен төл тарихымызды бір жүйеге келтіруге үндейді. Яғни, құр тарихи деректер емес, жалпақ жұрт түсінетін мәдени дүниеге айналдыру мәселесін қозғайды.

Экономикасы қарыштап дамыған Еуропаның белді мемлекеттері бай тарихымен мақтанады. Фильмдер түсіріп, жарқыратып көрсетуге машық. Бай тарих бізде де бар. Бірақ, оны бөлек-бөлек үзінді емес, бүгінгі күнмен сабақтастырып, тұтастай қарауымыз керек. Елбасы мақаласының мәні осыдан шығады. Ол үшін алдымен тарихи деректер базасын қалыптастырып алуымыз керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. Бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауы тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет.

Президент жаңа мақаласында төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктей келе тарихи сананы жаңғырту мәселесін көтеріп, 6 бірдей жобаны ұсынып отыр. Оның ішінде, «Ұлы дала тұлғалары» серияларын шығаруды құп көреді. Оқиғалар мен тұлғаларды уақыт тізбегі бойынша бір жүйеге келтіру тарихымыздың нағыз жетіспей тұрған тұсы дейді мамандар.

Серік Бейсембаев, Тұңғыш Президент қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

-Хронологиямызды әлі күнге дейін білмейміз. Кім қай кезде өмір сүрді, қай хан қай кезде елді басқарды деген секілді. Және де ол кезде әлемдік тарихта не болып жатыр? Сол секілді белгісіз, ашылмай жатқан тұстары көп тарихтың. Бұл тұрғыдан алып қараған кезде әрине, циклдерге бөліп ұсыну дегеніміз бұл өте түсінікті идея. 

Түркі дүниесінің қара шаңырағында түркілер өркениеті жобасын қолға алу керектігі де айтылған. Сол үшін келер жылы Астанада дүниежүзілік түркологтар конгресі өтпек. Осынша тарихымыз тек деректер тізбегі күйінде қалмай, қалың жұрт қанық болу үшін тарихи фильмдер өндірісі жандана түспек. Перезиденттің тағы бір ұсынысы, ертегілер, аңыз-әфсаналар, қиссалар мен эпостардың басын құрап, дала фольклорының антологиясы жасау керек. Оған қоса, дәстүрлі музыкалық аспаптардың Ұлы даланың көне сарындары жинағы басып шығарылмақ.

-Алты жобаның ішінде Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін құрастыру идеясы ерекше назар аударады. Президент мысал үшін ежелгі Отырар қаласының үйлерін, көшелерін, су құбырлары мен басқа да қоғамдық орындарын қалпына келтіріп, туристік нысанға айналдыруға болатынын айтады. Оның сыртында Алтын адам, жылқыны қолға үйрету, қару-жарақ пен сауыт-сайман дайындау сынды қанға сіңген шеберліктерімізді көрсетуге де мүмкіндік туады.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.