{metadescription}
«Отанымды сатпаймын»: Ресейде жаттығып жүрген жас конькиші елден көмек сұрады 
«Отанымды сатпаймын»: Ресейде жаттығып жүрген жас конькиші елден көмек сұрады 

«Отанымды сатпаймын»: Ресейде жаттығып жүрген жас конькиші елден көмек сұрады 

Коньки жаңартуға қаражат керек. Осылай мәлімдеме жасаған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қаржылық қиындықтарға байланысты елден көмек сұрады. Мәскеуде жаттығып жүрген Гүлжан Жұмаділоваға бұдан өзге арнайы киім мен бапкерге төленетін қаржы қажет екен. Ал, ашынған спортшы «маған ресейлік демеушілер ниет білдіріп отыр, бірақ ешқашан отанымды сатпаймын» дейді. Алайда, Гүлжанның ата-анасы қыздары Ресейге аттанарда ешбір құзырлы мекеме көмек қолын созбағанын айтады. 

Мәскеуде жаттығып жатқан Гүлжан Жұмаділова жақында жұптық мәнерлеп сырғанауға ауысқан. Ресейлік әріптесімен мұз үстінде шыр көбелек айналып, дайындығын пысықтап жүр. Алайда, көңілі алай-дүлей спортшы қаржылық қиындықтың кесірінен елден көмек сұрайды. Қызының сөзін қуаттаған Бақытжан Орманбеков те басқа амалымыз қалмады дейді. 

Бақытжан Орманбеков, Гүлжанның әкесі:

-Машинаны сатуға тура келді. Қымбат емес, арзанырақ сатып жібердік.  Тезірек Мәскеуге жүру керек болды ғой. 

Қазақстанның даңқын асырсам деген Гүлжан Жұмаділова су жаңа коньки мен киімге, сондай-ақ бапкер мен мұз айдынына төлеуге 825 мың теңге керек дейді. Бірақ, қомақты қаражатты қарапайым отбасының қалтасы көтермейді. Тіпті, Мәскеуге аттанарда құзырлы мекемелер теріс айналды дейді шарасыз әке. 

Бақытжан Орманбеков, Гүлжанның әкесі:

- Әкімдікке  бір ай бұрын жаздық. 15 күн күтіңдер деді. 15 күннен кейін қаржы жоқ деген жауап келді. 

Ал, 16 жастағы өрен тәлім алатын мамандандырылған мектеп-интернатының басшылығы Гүлжанды үміт күттіретін спортшылардың қатарына қосады. Себебі, ол жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақстан кубогін иеленген. Дегенмен, директор қысқа жіп күрмеуге келмейтінін жасырмады. 

Қанат Жолдықараев, Мамандандырылған мектеп-интернатының директоры:

-Үкімет тарапынан, Алматы қалалық спорт және дене шынықтыру  басқармасының атынан, мектеп атынан әрине көмек беріледі. Бірақ, қаражат бойынша Қазақстанда ғана өтетін жарыстарға жіберуге құқылымыз.

Алайда, қазір Эстонияда жүрген мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құраманың бас бапкері Құралай Үзірова елден көмек сұраған спортшының ісіне қатысты кейбір ақпарат дұрыс жетпеген деп есептейді.

-Олимпиадалық дайындау орталығы жаз айында керекті киімдерді сатып алу үшін спортшыларға қаржы бөлді. Гүлжан Жұмаділова да алған. Енді оған тек жұптық өнер көрсетуге және билеуге арналған коньки керек. 

Бір қызығы, Гүлжан Жұмаділова Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының қатарында болғандықтан бұл іске мәдениет және спорт министрлігі  жауап бермейді екен.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде