{metadescription}
Павлодарда шенеуніктер үшін сатып алынған элиталық баспанаға қатысты дау үдей түсті
Павлодарда шенеуніктер үшін сатып алынған элиталық баспанаға қатысты дау үдей түсті

Павлодарда шенеуніктер үшін сатып алынған элиталық баспанаға қатысты дау үдей түсті

Пәтер кезегінде тұрған Павлодар жұрты шаһар басшыларына өкпелі. Бұған қалалық әкімдіктің жуырда қазынаның бақандай 50 миллион теңгесіне бір ғана баспана сатып алғаны себеп. Шаһардың қақ ортасында орналасқан пәтердің жалпы аумағы 230 шаршы метр болады. Элиталық баспананың өзі әзірге бос тұр, бірақ жақында онда лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің бірі қоныстанады деп күтілуде. Мұны естіп білген қоғам белсенділері де атқамінерлер үнемдеудің орнына, халықтың қыруар ақшасын оңды-солды шашып жатыр деп наразылықтарын

білдірді.

23 жастағы Алмагүл Жүнісова отбасымен Павлодарда пәтер жалдап тұрады. Баласы бір жастан енді асқандықтан жұмыс істемейді. Алюминий зауытында нәпақасын тауып жүрген отағасы болса, айына 60 мың теңгені үй иесінің қолына ұстатады. Қалған ақша ішіп-жемнен аспайды екен. Баспана кезегінде төрт жылдан бері тұрған отбасы 50 миллион теңгеге бір ғана пәтер сатып алған шенеуніктердің бұл қылығы ақылға қонбайды дейді. 

Алмагүл Жүнісова, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Бұл туралы естігенімізде ашуланғанымыз рас. Өйткені біз ай сайын салық төлейміз және жылдар бойы кезекте тұрып ұядай ғана пәтерді аламыз. Ал билік басындағылар бірден қымбат, кең, жайлы үйге қоныстанады. Сол 50 миллион теңгеге бір пәтер емес, 5 миллион теңгеден бір бөлмелі он пәтер алуға болар еді ғой.

Тура бір ай бұрын қазынаның 50 миллион теңгесіне сатып алынған элиталық пәтердің өзі әзірге бос тұр. Екі қабатты баспананың жалпы аумағы анау-мынау емес, 230 шаршы метр болады. Көп ұзамай мұнда лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің бірі қоныстанады деп күтілуде. Жергілікті қоғам белсенділері да шенеуніктер қазына қаражатын оңды-солды шашудан шаршамайды деп ашынады.

Юрий Павленко, қоғам белсендісі:

- Өңірде балаларға, әсіресе, мүгедек балаларға ылғи көмек, қаражат жетіспей жатады. Елбасының өзі Үкімет мүшелеріне, әкімдерге бюджет қаражатын үнемдеуді тапсырады. Ал билік басындағылар шаруа өздеріне келгенде қымбат, жайлы үйді еш кедергісіз мемлекеттің ақшасына сатып алуда. Бұл барып тұрған бассыздық.

Әкімдіктегілер болса, өздеріне шаң жуытар емес. Олардың айтуынша, биыл салынған төрт қабатты тұрғын үйдің бір шаршы метрі 214 мың теңге болады. Заң талаптарына сәйкес бір адамға тұрғын үйдің кем дегенде 18 шаршы метрі тиіс екенін есепке алсақ, жалпы аумағы 230 шаршы метрге жететін жайлы пәтерге 5 және одан да көп баласы бар мемлекеттік қызметкер қоныс аудара алады. Жалпы, биыл шаһар әкімдігі мен оған қарасты мекемелерде қызмет ететіндер үшін 7 бірдей пәтер сатып алыныпты. Сол баспаналарға қоныстану үшін 15 шенеунік өтініш жазған.

Аян Бейсекин, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:

- «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 56-бабына сәйкес, барлық мемлекеттік қызметшінің қызметтік үйде тұруына құқығы бар.Оларға жеке үй салынбайды, сондықтан коммуналдық тұрғын үй қоры пәтерлерді сатып алу арқылы ғана толығады. Бұл қажеттілік және мемлекет меншігіндегі сол пәтерге нақты кімнің қоныстанатынын арнайы комиссия шешеді.

Айта кетерлігі, бүгінде Павлодарда мемлекеттік қызметкерлерге арналған 100 пәтер бар. Ал келесі жылы жалпы құны 70-90 миллион теңге тұратын тағы екі үй сатып алғалы жатыр.

- Ал атышулы мына үйде пәтерлер расымен де қымбат. Дәл қазір 4 бөлмелі пәтер сатылымға қойылыпты.  Жалпы аумағы 155 шаршы метр болатын элиталық баспана үшін иесі 40 миллион теңге сұрап отыр. Ал баспанасы жоқ атқамінерлердің арасында осыдан төрт ай бұрын Павлодар әкімі болып тағайындалған – Әнуар Күмпекеевтің де барын айта кетейік. Жолы болып жатса, қала басшысы осында көшіп келуі әбден мүмкін.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде