{metadescription}
Денис Тен ісі: Айыпталушылар қылмысқа қалай дайындалғандарын айтты
Денис Тен ісі: Айыпталушылар қылмысқа қалай дайындалғандарын айтты

Денис Тен ісі: Айыпталушылар қылмысқа қалай дайындалғандарын айтты

Денис Теннің туыстары мен барша қазақстандықтардан кешірім сұрады. Алматыда мәнерлеп сырғанаушының өліміне қатысты өткен сот отырсында айыпталушылар Құдайбергенов пен Толыбаевадан жауап алынды. Тек сотталушы Қиясов асқазаным ауырып тұр деп қырық сылтауын айтып, түсінік беруден бас тартты. Бүгінгі процессте мәлім болғаны, күдіктілер айна ұрлығына ақша табу үшін барыпты. Себебі. Қайғылы оқиғаға дейін Манзура есімді қыз Қиясовтан жүкті болып, тәртіп сақшыларына арызданған екен.

Бүгінгі сот процессінде айыпталушылар қайғылы оқиғаны бүге-шүгесіне дейін баяндады. Алғаш боп сөз алған күдікті Арман Құдайбергенов кінәсін енді сезінгендей. Ол марқұм Денис Теннің туыстары мен барша қазақстандықтардан кешірім сұрап, болған жайтқа өкініш білдірді. Сотталушының айтуынша, спортшының қазасынан бір күн бұрын олар тұрып жатқан туыстарының үйіне Манзура есімді қыз тәртіп сақшыларымен келіп, Қиясовтан жүкті болып қалдым деп шу шығарған. Ашуға булыққан қызды тоқтатудың жалғыз жолы түсік тастауға көндіру болыпты. Құдайбергенов ақшадан қатты қысылғандықтан қаражат табудың оңай жолын іздедік дейді.

-Қалада жүріп пәтер жалдадық. Ары қарай такси болдық. Таңғы төрттің шамасында үй жаққа келдік. Кейін мен айна ұрлайық дедім. Сөйтіп ақша мәселесін шешеміз дедік. Айна ұрлауды мен білемін ғой. Қолғапты айна шешу үшін, пышақты сымды кесу үшін алдым.

Жоспар құрған Қиясов пен Құдайбергенов 19 шілде күні Құрманғазы көшесіндегі қымбат көліктердің айнасын ұрлауға бел буады. Ең алдымен, олардың көзі Денис Теннің Лексусына түсіп, Құдайбергенов үйреншікті ісіне кіріседі. Айналарды шешіп болғанда кенет көлік иесі келіп, жоспарлары күл-талқан болған.

-Мені көрді де, не істеп жатырсыңдар деп айнаға жармасты. Сосын қаштым. Ол мені ұстап алды, Оған әлім жетпеді. Белдікті шешіп алдым. Жоғарғы жақтан келіп ұрғанда есеңгіреп қалдым. Ары қарай Нұралы екеуміз қаштық. Нұралының пышақ лақтырғанын көрдім. Ол екі рет пышақ сұққанын айтты.

Алайда, ағынан жарылған сотталушы «Толыбаева жанымызда жүргенімен, қылмыс туралы білмеді» деп сүйіктісіне шаң жуытар емес. Бір қызығы, сотта Қиясов асқазаным ауырып тұр деп түсінік бере алмайтындығын жеткізді. Екі күн тамақ ішпедім деп жалбарынған оның шағымы жәбірленуші тараптың шамына тиді. Кезек Жанар Толыбаеваға жетті. Құрсағында жеті айлық сәбиі бар келіншек көлік тонауға қатысқым келмеді деп жыларман болды. Ол ұрлықты да жігіттер арасындағы төбелесті дұрыс көре алмаған екен. Ал сол жанжалда болған Денис Теннің қазасын кеш естідім деген күдікті құзырлы орындарға хабарламау себебін түсіндіре алмай қипақтады.

-Не кедергі болды барып айтуға?

-Мен қаланың сыртында болдым.

-Неге біле тұра Қапшағайға барасыз?

-Мен ол кезде аса ауыр жарақат деп ойламадым. Қандай жарақат келтіргенін білген жоқпын.

-Қапшағайда да Ішкі істер басқармасы бар?

-Білмеймін жауап бере алмаймын.

Сөз соңында Толыбаева Денис Теннің жанкүйері болғанын айтып, марқұмның анасынан кешірім сұрады. Ең қызығы, бүгінгі процесте қылмысты тәптіштеп баяндаған екі айыпталушы тергеу барысында барлығын мойындап, мүлдем басқаша түсінік берген еді. Жауаптарының үйлеспеуін олар әу баста тергеушілер тарапынан болған қысыммен байланыстырды. Бүгін үн қатпаған Қиясовтан алдағы уақытта жауап алына ма, ол жағы әзірге белгісіз. Айта кетейік, 38 томдық атышулы істе санаулы ғана куәегер қалды.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.