{metadescription}
Астананың іргесінде мыңнан аса бала суық мектепте оқып жатыр
Астананың іргесінде мыңнан аса бала суық мектепте оқып жатыр

Астананың іргесінде мыңнан аса бала суық мектепте оқып жатыр

Елордадан 15 шақырым жердегі білім ошағын қара суық кеулеген. Жергілікті шенеуніктер бар айыпты құрылысты қабылдап алғандарға жабумен әлек. Ал оқушылар биыл да электрлі жылыту құрылғысының көмегімен отыр.

Жібек жолы ауылы мектебінде қыс түскен сайын айғай шығару әдетке айналып кеткен. Ата-аналардың айтуына қарағанда, салынғалы бері бір жылып көрмепті. Ұл-қызының денсаулығына алаңдап, бүгін тағы жиналған.

- 8 жыл болды мектептің салынғанына. Түк істелген жоқ. Бюджеттен жылытуға ақша бөлінеді екен. Бірақ сол ақша мектепке жетпей отыр.

Мұнда мектеп ішінде балалардың сырт киіммен жүруі қалыпты жағдай. Үзілісте жылу батареяларының қасынан шықпайды. Ал сабақта сырт киімін шешпейді. Тәртіпке қайшы болса да мұғалім ол үшін ұрыспайды. Өйткені, бала тұрмақ өзі де тоңады. Ата-аналар бұл қайта мектепті әлдеқайда жылытып қойған түрлері дейді.

Меруерт Қадырбаева, Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны:

- Күнде менің қызымның қаламсабы қатып қалады. Күнде қаламсап сатып аламыз. Сосын жазуды үйлеріңе барғаннан кейін жазасыңдар дейді екен. Қара суық. Басында сок, компот беретін. Ал қазір шәй. Неге шәй? Өйткені, тоңады бала. Бойын жылытуы керек.

Жалпы, сабақ кезінде бөлменің қалыпты температурасы 23 градустан төмен болмау керек. Ал мұндағы сынап бағанының көрсеткіші 10 градустан сәл асып тұр.

- Сыныпта балалардың жаурап отыратынын бәрі біледі. Ауыл әкімі де, аудан өкілі де. Тіпті жақында облыс әкімінің орынбасары арнайы осы мәселемен мектепке бас сұқпақшы. Бірақ, ешкімнен қайран болмай тұр. Жан сақтап отырған жалғыз қорғаныш мына электрлі жылыту құрылғысы ғана. Оның өзі толық жылу бере алмайды.

Иманжүсіптің аты берілген білім ошағы ауданды қойып, облысқа дейін жақсы танымал. Тек оны танытқан әншінің аты емес. О баста құрылыс нормасы сақталмаған. Төбесі жылу ұстайтын қалың материалмен қапталмай, бетонмен жабылып, үстінен шатыр құра салыпты. Енді қанша отын жақса да қара суықты жылыту мүмкін емес. Соның кесірінен қабырғалар ылғал тартып, көгеріп, шіри бастаған. Ал аудан басшылығы кінәні өзінен емес, мектеп басшылығынан іздеп отыр.

Асылбек Байжұма, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Мектеп басшылығы терезелерді жаппаған. Қазір солардың бәрі үрлеп тұр. Төбе дұрыс жабылмаған, соның кесірінен келген жылудың бәрі жан-жаққа тарап кетіп жатыр. Ондай бала отыра алмайтын суық деп айтуға келмейді. 15 градустың маңайында. Біз күнделікті бұл жерден ақпарат алып отырмыз және ахуал біздің бақылауымызда.

Жағдайды оңалту үшін 30 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізу керек. Ол мәселенің өзі көктемде құжат жүзінде шешіле бастайды. Ал 900 орындық мектепте оқитын мыңнан аса бала биылғы қысты амалдап шығуы  керек. Осылайша, ісіне салғырт қарағандардың зардабын оқушылар тартып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.