{metadescription}
Павлодарда шипалы көл төңірегінде дау туды
Павлодарда шипалы көл төңірегінде дау туды

Павлодарда шипалы көл төңірегінде дау туды

Павлодар облысында шипалы көл жойылудың алдында тұр. Михайловка ауылы тұрғындарының айтуынша, бұған осы маңда орналасқан Қызылтұз көлін жалға алғандар кінәлі. Яғни ащы судан құрт аулайтын кәсіпкерлер оны жуып-шаю үшін арық қазып, тұщы көлге келетін жер қойнауынан шыққан ағынды бөгеп тастаған. Соның кесірінен жарты ғасыр бойы қатпаған шипалы Шалдауық көлі қата бастапты. Ауыл жұрты бұлай жалғаса  берсе, ондағы балықтар түгел қырылып қала ма деп алаңдайды.

Железин ауданындағы Михайловка ауылының тұрғындары осыдан жарты ғасыр бұрын пайда болған Шалдауық көліне қысы-жазы кеп түседі. Бастапқыда мұнда тек мал суаруға ғана келетін жұрт кейін жер қойнауынан 38 градуста шыққан ыстық суға шомыла бастапты. Өйткені оның адам ағзасына берер пайдасы мол екен. Мәселен, шипалы су түрлі бөртпе мен қышыманы, буын ауруын, қан қысымының көтерілуін емдейтін көрінеді. Бірақ тұрғындар бұдан былай мұнда адам түгілі мал да жоламай кете ме деп қауіптенеді.

Виктор Заламаев, Михайловка ауылының тұрғыны:

- Әлдебіреулер Қызылтұз деген ащы судан құрт аулайды екен. Ол пәленің бізге керегі жоқ. Сол көлді жалға алғандар арық қазып, мына ұңғымадан ағатын ащы суды өздеріне қарай бұрып алған. Соның кесірінен ешқашан қатпаған Шалдауық көлі биыл қата бастағанда жағамызды ұстадық.

Тұрғындардың сөзіне сенсек, олар шипалы көл жойылудың алдында тұр деп ауыл және аудан әкімдігіне бірнеше рет барған. Ондағылардан еш қайыр болмаған соң облыстық прокуратура мен Ақордаға да хат жолдапты.

Владимир Бычков, Михайловка ауылының тұрғыны:

- Ақордаға жазған хатымызға жауап келді. Сөйтсек, жерді жалға алғандар рұқсатсыз арық қазып, оларға он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салыныпты. Солардың кесірінен Шалдауық көлі қата бастады. Бұлай жалғаса берсе ондағы балықтар қырылып, көктемде мына жерде нағыз табиғат апаты болуы мүмкін.

Осылай деген тұрғындар есеп беру жиынына келген аудан басшысының сөзін бөліп, шипалы көлдің тағдырын шұғыл шешуді сұрады. Әкім болса, көлдің әзірге меншік иесі жоқ дегеннен әріге аспады.

Қанат Қашқыров, Железин ауданының әкімі:

- Бүгінде Шалдауық ұңғымасы иесіз. Меншік иесі жоқ деп тану үшін құжаттар сотқа жіберіледі. Алдағы уақытта өз балансымызға алсақ, ыстық су емдік-сауықтыру туризмі үшін жаңа бағыт болады деген сенімдеміз.

Шенеуніктердің айтуынша, шипалы көл географиялық картада да көрсетілмеген. Тиісті шаралар атқарылып, су қоймасы әкімдік балансына өткеннен кейін оны зерттеу жұмыстары қолға алынуы тиіс.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.