{metadescription}
Алматыда бюджет қаржысын ұрлаған генерал сотталды
Алматыда бюджет қаржысын ұрлаған генерал сотталды

Алматыда бюджет қаржысын ұрлаған генерал сотталды

Алматыда Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің бұрынғы қолбасшысы Серік Ысмайыловқа қатысты сот үкімі шықты. Мүйізі қарағайдай генерал «қызмет бабын асыра пайдаланды» және «қазына қаржысына қол салды» деген баптар бойынша 4 жылға түрмеге жіберіліп, шені мен барлық атағынан айырылды.

Дәл осындай айыппен оның 3 сыбайласы да әртүрлі жаза арқалады. Жоғары шенді офицерлер қылмыстық топ құрып, Үштөбе қаласында орналасқан 301/31 әскери бөлімінің жеке құрамына берілуі тиіс мерекелік сыйақының 4 млнға жуық теңгесін жымқырған. Олардың былықтарын Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері әшкере қылды.

Алматыдағы 85095 әскери бөлімінің акт залына офицерлер құрамы бұл жолы концерт көру үшін емес, үкім тыңдау үшін жиналды. Барлығының көңілдері күпті. Өйткені басты айыпталушы қарамағындағыларға үлгі болуы тиіс мүйізі қарағайдай генерал-майор Серік Ысмайылов. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің бұрынғы қолбасшысы «қызмет бабын асыра пайдаланды» және «қазына қаржысына қол салды» деп айыпталған. Судья келіп, бірден үкімді оқыды.

Әли Асқаров, судья:

Ысмайылов Серік Базарбекұлы қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-тармағы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылсын. Мүлкі тәркіленбесін. Мемлекеттік органдарға өмір бойы қызметке тұру құқығынан айырылсын. Қылмыстық кодекстің 46-бабы 2-тармағына сәйкес жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтесін. Барлық атағынан айырылсын.

Генералмен ым-жымы бір болған үш сыбайласына да жаза кесілді. Яғни қолбасшының орынбасары болған Данияр Алшоразов 5 жылға, штаб бастығы Жасұлан Берниязов 4 жылға, 30131 әскери бөлімінің командирі Әділет Бектұрсынов 3 жылға абақтыға жіберілді. Күллі командирлердің алдында сотталған азаматтардың үкіммен келіскісі жоқ.

- Сот шешімімен келісез бе?

-  Келіспеймін.

Басшының бұйрығын орындады деп шыр-пыр болған офицерлердің жұбайлары көздеріне еріксіз жас алды.

Тым қатал. Генерал арамдық істеді. Олар бұйрықты орындады. 

2018 жылдың 7 мамырында Үштөбе қаласындағы 30131 әскери бөлімінің командирлері алуы тиіс 3 млн 895 мың  теңгемерекелік сыйақыны генерал мен оның орынбасары қалтаға басады. Қитұрқы әрекетті жүзеге асыруға жоғары шенді офицерлер Берниязов пен Бектұрсынов көмектескен. Алайда ҰҚК қызметкерлі олардың былықтарын жазда әшкере қылды.

Владимир Әбиев, С. Ысмайыловтың адвокаты:

- Үкім әділетсіз және тым қатал. Ақша мемлекет меншігіне қайтарылды. Міндетті түрде шағымданамыз. Генерал бұл ақшаны әскери бөлімді жөндеуден өткіземін деп алған. Тергеу барысында айтылды. Бірақ оны ескерген тірі жан болмады. 

Еліміздің аспанын қырағы қорғауы тиіс басшылардың шатылып жатқаны бірінші рет емес. Осыдан алты жылдай бұрын Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары Асқар Бөлдешев зенитті-зымыран кешеніне жарамсыз бөлшектер жеткізіп, бюджеттің жүздеген млн теңгесін жымқырғаны үшін ұсталған еді. Ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондықтан атышулы істің үкімі сот залында емес, менің арт жағымда тұрған әскери бөлімнің акт залында оқылды. Судья мүйізі қарағайдай генералдардың қателігі өзге әскери шенділерге сабақ болуы тиіс дейді. Өйткені, Қорғаныс Министрлігінің қарамағында жүріп, мемлекеттің миллиондарына қол салған адамға заң қатал. Ал әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы міндетін қазір полковник Нұртас Қабақов уақытша атқарып отыр. Егер сот үкімді өз күшінде қалдырса, тергеу изоляторында жатқан генерал мен  оның сыбайластары орташа тәртіптегі абақтыға ауыстырылады.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде