Шымкент ассенизаторлар қиындыққа тірелді
Алып шаһардың шайынды суын төгетін жалғыз құдық басына жергілікті су арнасы нәжісті қатты қоқыстан айыратын арнайы аппарат қойыпты. Ал ол аппарат күніне бірнеше мәрте істен шығып, миллиондық қаланың септигі мен әжетханасын тазалайтын ассенизаторлардың жұмыс істегенінен құдық басында тұрғаны көп. Жалғыз тесікке зар болған ассенизаторлар енді не аппаратты көбейтсін, не болмаса мүлдем алып тастап, бұрынғы қалпына келтірсін деп талап қоюда.
Автор: Бек Әбиев
15.04.2019
Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкенттің тұтас лас суының кету-кетпеуі жалғыз тесікке тәуелді болып қалды. Яғни, былтыр жыл соңында қаланың нәжісін төгетін жалғыз құдық басына осы дүңгіршекті қойып, ассенизаторлар әкелген нәжіс суды үйреншікті құдығына емес, осы дүңгіршектің шлангісіне жалғауға мәжбүр болыпты. Ал шлангі сәт сайын бітеліп, істен шығады екен.
Азамат Жарасов, көлік жүргізушісі:
- Міне камаз 35 минуттан бері тұр. Мынау. Бір күнде 40 машина алса, бұл жерде 70 машина, сонда не істейді қалғаны? Қаланың бірнеше жеріне қойса бәрі төгеді соған.
Күніне жоқ дегенде 5 рейс жасап үйренген ассенизаторлар, енді тәулігіне бір мәрте де төгіп бітпейміз деп жылайды. Басқа жерге төксе 100 мың теңгеден асатын айыппұлы тағы бар. Жалғыз тесікке тәуелді болғандар жұмыс тоқтаса, ал алып шаһар нәжіске батады дейді.
Асхат Марзу, көлік жүргізушісі:
- Боқ-сідікке батады. Дәл қазір 4-5 клиентім күтіп отыр. Телефонға тыныштық бермей жатыр. Енді не істейміз? Ертең шақырмайды мені.
Ал, септи кпен әжетханадан сорылған суды қатты қоқыстан, нәжіс судан тазартуы тиіс қондырғы неше шаршы метр судың кетіп, ақшасының қанша болғанын көрсетуі керек. Бірақ...
- Міне, чекті алдым. Чекте қанша куб жазылмаған. Фамилия аты-жөніңді жазып қойған. Басқа ештеңе жоқ, мына жетонда. Қанша теңге алып жатыр, білмейсің. Бізге керегі жоқ бұл аппараттың.
Тек бұл қондырғыны орнатқан компанияның ассенизаторлардың сөзіне құлақ асуы екіталай. Себебі, бұл заман талабы дейді. Нәжіс сумен бірге тұрмыстық қалдықтарды төгіп үйренгендер жаңашылдықты түсінбейді, я түсінгісі келмейді деген олар бұл бірінші кезекте қаланың кәріз құбырларын сақтап қалу үшін керектігін айтады.
Ирина Казаринова, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бөлім басшысы:
- Бұл аппарат нәжіс суды қатты қалдықтан айырып отыру үшін керек. Польшалық құрылғының Орталық Азия бойынша баламасы жоқ. Бұны орнатпас бұрын ассенизаторларға сорғыштарыңның аузына темірден қоқыс ұстағыш қойыңдар деп ескерткен де болатынбыз. Олар заман талабына көнгісі келмейді. Аузы күйген үрлеп ішеді деген, өздері үшін үйренеді.
Яғни, ассенизаторлардың тазалағыш қондырғыны не көбейтсін не алып тастасын деген талабы мүлдем қаралмайтын да болып шықты. Себебі, су арнасы дүңгіршекті бірнеше жерге орнату тым қымбатқа түседі деп отыр. Ал, өздері тоқтаса қаланы нәжіс басатынына сенімді ассенизаторлар, жаппай прокуоратура мен әкімдікке шағым дайындап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!