{metadescription}
Тоқаев Корея президентіне ерекше сый тарту етті
Тоқаев Корея президентіне ерекше сый тарту етті

Тоқаев Корея президентіне ерекше сый тарту етті

Азиядан соққан «Самал жел». Бүгін қазақ-корей қатынасын жандандыру үшін осылай аталатын бағдарлама қабылданды. Сонымен қатар Елордада Оңтүстік Кореямен бірлескен халықаралық IT-орталық ашылады. Корея Республикасының президенті Мун Чже Иннің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуімен осындай келісімдерге қол жетіп отыр. Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев та қонағына ерекше сый тарту етті.

Мун Чже Ин елордаға бірінші рет аяқ басса, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда да шетел президентін алғашқы рет қабылдап отыр. Бас ордадағы салтанатты шараның бір ерекшелігі осы. Бір жақта құрмет қарауылы, екінші жақта ресми делегация мүшелері сап түзеп тұр. Осының бәрі Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Иннің құрметіне жасалған.

Мун Чже Иннің екі ел арасында стратегиялық әріптестіктің он жылдығына орай келуі бекер емес. Бізге Кореяның дамыған технологиясы мен өнеркәсібі керек. Азиядағы алпауыттың осы келісінде біз үшін тағы бір пайда бар. Нұр-Сұлтан қаласында IT, яғни ақпараттық технологиялар орталығы салынып, кеңжолақты 5G интернет желісі іске қосылуы мүмкін. Ол енді кейінірек қолға алынатын шаруа, әзірге тек келісім бар. Сондықтан Қазақстан Кореямен бар байланысын әрі қарай да нығайта беруге мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент Мун Чже Инмен мазмұнды келіссөздер жүргізіп, екіжақты іс-қимылдардың өзекті мәселелерін талқыладық. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмастық. Іс жүзінде талқыланған барлық тақырыптар бойынша өзара түсіністік пен қолдау көрсету жөнінде келісімге келгенімізге қуаныштымын.

Корея Азиядағы екінші сауда-экономикалық серіктесіміз. Былтырғы көрсеткіш – 4 миллиард доллар, бұл рекорд! Тәуелсіздігімізді алғалы Кореядан кеп құйылған тікелей инвестицияның көлемі 7 миллиард долларға жеткен. Осы күндері елімізде Корея тарапымен бірлескен 500-дей компания жұмыс істеп жатыр. Ал бүгін екі президент келіскен «Самал жел» бағдарламасы әріптестік ауқымын кеңейтейін деп отыр.

Мун Чже Ин, Корея Президенті:

- Біз екі ел басшылары «Самал жел» деп аталатын жаңа бағдарлама қабылдадық. Ол ғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салаларында да екіжақты байланысымызды кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң саласында да қамаудағы азаматтарымызды алмастыру жөнінде келісімге келдік.

Қонақты күту бір бөлек, көңілін табу өз алдына. Тоқаев осы кездесуді пайдаланып, Корея президентіне 1937 жылы Қазақстанға зорлықпен көшірілген кәрістер тағдыры туралы баяндайтын кітапты сыйға тартты.

Тоқаевтың мәртебелі қонағына осы кітапты сыйлауының мәнісі де бар. Онда кәріс диаспорасының көшірілу тарихына қатысты құнды деректер мен суреттер жарияланған. Ал Мун Чже Ин туған халқының тарихына қатты көңіл бөледі. Кеше ғана ол қазақ жерінде дүние салған кәріс ұлтының жарқын өкілдерінің топырағын туған жеріне жөнелткен еді.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде