{metadescription}
Шекарашылар көрші елден ұрланған малды кәдеге жаратуды ұсынды
Шекарашылар көрші елден ұрланған малды кәдеге жаратуды ұсынды

Шекарашылар көрші елден ұрланған малды кәдеге жаратуды ұсынды

Шекарашылар ел аумағына Қырғызстаннан заңсыз өткізілген төрт түліктің көзін жоюға қарсы. Олар иесіз малды есепсіз қыра бермей, көпбалалы отбасылар мен жоқ-жітікке сойысқа таратып берілсе деген ой тастады. Бұл ұсыныс қолдау таба ма? Жалпы, жылына қанша малдың көзі жойылады?

Өткен жылдан бері Қырғызстаннан мал әкелуге тиым салынған. Оған Ош облысында сібір жарасы ошағының анықталуы себеп. Бірақ кесел тарап кетуі мүмкін деген қауіпке барымташылар бас ауыртып жатқан жоқ. Шектеуді елемеген ұрылар, кәсібіне білек сыбана кіріскен. Шекарадан көбіне жылқылар айдалады. Былтырдың өзінде 500-ге жуық қамбар ата тұқымы Жамбыл облысына өтіп кете жаздаған.   

- Кімсің, неғып жүрсің?

Әккі ұрылар көп жағдайда олжасын тастап, өздері қашып кетеді. Өйткені қолға түссе қатаң жауапқа тартыларын біледі. Ал тәркіленген контарабандалық жануарлар ұзақ ұсталмайды. Ережеге сай қауіпсіздік үшін көзі жойылуы тиіс. Сөйтіп, екпемен өлтіріледі. Ал шекарашылар төрт түлікті арам қатырғанша, жағдайын тескеріп, кәдеге жаратайық дейді. 

Арслан Әлітүрлеев, 2035 Ә/Б анықтау бөлімі басшысының орынбасары:

-Иесі жоқ малдарды сақтап, бағалануы және оларды ары қарай пайдалану мен есепке алу бойынша керекті жұмыстарын ұйымдастыру, сонымен қатар аталған малдарды балалар үйіне, қарттар мен мүгедектер үйінің пайдасына беру қарастыру ұсыныс айту жоспарлануда.

Бұған дейін қанша малдың көзі жойылғаны белгісіз. Мамандар нақты есебін бере алмады. Тек соңғы алты айдың өзінде шекарашылардың қорасына 130-дан аса ірі қара қамалған. Ветеринарлар олардың жүзге жуығын өлтіріп, көміп тастапты. Қалғаны әлі қаңтарылып тұр. Мамандар бұл қадамға амалдың жоқтығынан барамыз дейді. Себебі бөтен елдің малынан кесел тарау қауіп бар. Ал оның ауру-сырқауын анықтауға қыруар қаржы керек. 

Жандар Қоекеев,  АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облысы бойынша инспекция басшысының міндетін атқарушы:

- Иә. Біріншіден оны төлейтін адам жоқ. Екіншіден, ветеринариялық көзқарастан, қауіпсіздікті сақтау мақсатында ол тексерілмейді. Ешқандай тексерусіз эпизотиялық ахуалды сақтау үшін және тамақ өнімі қауіпсіздігін сақтау үшін осындай шараға бару керек. 

Қалай дегенмен де, Алатау асып келген малды қырып-жойғанша, мұқтаж жандарға сойысқа беру бастамасы көтеріліп отыр. Қазір бұл ұсынысты шекара комиссиясы жан-жақты қарап, зерделеуде. Жуық арада жауабы айтылуы тиіс. Ал мұндай сауапты іс қолдау тапса, жағдайы төмен жандардың қуанары анық.

Кеше

20 шілде

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде