{metadescription}
Алматы облысында 90-ға жуық отбасы далада қалуы мүмкін
Алматы облысында 90-ға жуық отбасы далада қалуы мүмкін

Алматы облысында 90-ға жуық отбасы далада қалуы мүмкін

Іле ауданындағы Жетіген ауылы тұрғындарының айтуынша, 13 жыл бұрын жергілікті әкімдік оларға кезек бойынша тегін жер телімін беріпті. Бірақ, арада уақыт өткесін кезінде шаруа қожалығына тиесілі алқаптың иесі пайда болған. Ал, баспанасын тұрғызып үлгерген тұрғындар соның кесірінен үйлерін заңдастыра алмай жүр. Тіпті, тіркеуге алынбаған көпбалалы аналар әлеуметтік көмектен қағылып отырған көрінеді.

Төрт баланың анасы Айгүл Стамбаева шағын баспанасына 2011 жылы кіріпті. Алайда, содан бері үйін заңдастыра алмаған отбасы тіркеуге тұрмаған. Соның кесірінен мемлекеттік көмектен қағылдық дейді ашынған ана.  

Айгүл Стамбаева, Жетіген ауылының тұрғыны:

Балаларды балабақшаға бере алмаймын. Жәрдемақы ала алмаймын. Барлық жерде мәселені шеше алмай жатырмыз.

Жетіген ауылында жер дауының зардабын тартқан бақандай 88 отбасы бар. 13 жыл бұрын барлығы кезекке тұрып, жергілікті әкімдіктен жер телімін алыпты. Қолына мемлекеттік акті тиген тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық мақсаттағы телімге үй салып, өз күшімен жолын жөндеп, жарығын  қосқан. Алайда, уақыт өте тегін жерден шикілік шығып, кезінде шаруа қожалығына қараған алқаптың мұрагері пайда болыпты. 

Бейсенгүл Құттыбаева, Жетіген ауылының тұрғыны:

Менде актым  бар. Үй соғуға рұқсатым бар. Жерім бар. Енді техпаспорт керек қой. Барсаң арестте тұр. Жердің иесі бар. Мен көшіп келгелі 5 әкім келді. Бір әкімге барсам, Жақашев біледі дейді. Жақашев әкім болса, сол кезде болды. Бірақ креслосын алып кеткен жоқ қой. Неге жауап бермейді?

Қайым Мұсабаев, Жетіген ауылының тұрғыны:

- Жердің иесі қайда бұл? 13 жылдан бері бетін көргеніміз жоқ. Жақашеваң тағы жоқ. Келіп айтпай ма?

Шағымданушылар мемлекет тарапынан берілген жер телімі қалай өзгенің меншігінде қалып қойғанын түсінбейміз дейді. Тіпті, алғашында әкімдіктегілер жердің мұрагерімен өздерің соттасыңдар деп жөн сілтеген көрінеді.

Қуандық Сәрсенов, Жетіген ауылының тұрғыны:

- Жерді әкімдіктен аламыз, бірақ бөтен адаммен сотасуымыз керек. Неге? Оны үкіметке өткізіп бергеннен кейін бізге өткізу керек қой жерді.

Ал, жергілікті шенеуніктер 2006-2007 жылдары  жер телімдері үй салуға үлестірілгенін растады. Бірақ, бұрын жалға берілген жерге шаруашылық жүргізу құқығы дер кезінде тоқталымағандықтан, осындай мәселе туындады дейді олар.

Нұрлан Әбілов, Жетіген ауылдық округінің әкімі:

- Бүгінгі таңда 6 шаруа қожалықтарынан 1 шаруа қожалықтың мәселесі шешілмей жатыр.  Өйткені, басында келісім берген шаруа қожалық аяғында бас тартқан болатын. Қазір басқаша заңгерлеріміз құжаттарды сараптап қарап жатыр. Одан кейін арызданып, сотқа беретін болады.

Əкімдіктегілер уəдені үйіп-төккенімен тұрғындардың көңіліндегі күдік сейілмей отыр. Себебі, жергілікті атқамінерлер мəселенің қашан шешілетінін нақты айтып бере алмады. Ал, өз үйінде өгейдің күйін кешкен 88 отбасы істің соңында сан соғып қалмасақ деп қауіптенеді.

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде