{metadescription}
Құмды дауыл Арыстағы жөндеу жұмыстарына кедергі келтіруде
Құмды дауыл Арыстағы жөндеу жұмыстарына кедергі келтіруде

Құмды дауыл Арыстағы жөндеу жұмыстарына кедергі келтіруде

Арыста қираған үйлерді жөндеу басталды. Әр облыстың өкілдері жергілікті құрылысшылар бригадаларын жалдап, өз секторларында тиісті жұмыстарын бастап кеткен. Бірақ, бүлінген үйлердің көптігінен кейбірінің шатыры ұшып, маңайға қауіп туғыза бастаған. Ең қиыны, жер-жерден жеткізілген ас та төк тамақ тонналап жеуге жарамсыз болып қалыпты.

Бүгін Арыста күн райы жылы қабақ танытпады. Таңертеңнен басталған құмды дауыл қала жұртының қалыпты тіршілігіне бір тыным бермей қойды. Құрылысшылар көз аштырмайтын құмды дауылға қарамастан жұмысын жан-екпінмен атқарып жатса да үлгеру қиын. Қабырғасы қисайып, шегесі ажыраған кей үйлердің шатыры әне-міне желмен ұшып кеткелі тұр.

Жалпы, сарапшылардың бағалауынша, Арыстағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың шамамен 85 пайызы әр түрлі деңгейде бүлінген. Мәселен, біз тұрған үйдің шатыры толығымен жарамсыз болып қалған. Сондықтан оны түгел қайта жаңартып жатыр. Оған қажетті ағаштарды жаңадан жеке кәсіпкер демеушілігімен алып берген. Ал оған қағылып жатқан әрбір шеге елордалық тұрғындардың ақшасына сатып алынған.

Арыстың қайғысын бөлісіп, жағдайды оңалтуға төрт құбыла түгел жұмылса да өңір-өңірден өз еркімен келген құрылысшылар тобы некен-саяқ. Солардың бірі жамбылдық Еркін Көрпебаев. Олар көрші облыстан келген 16 құрылыс бригадасының бірі ғана. Өзіміз оңтүстіктен болғасын, күннің ыстығы кедергі емес деп күліп қояды.

Еркін Көрпебаев, прораб:

- Біз Қордай ауданы әкімшілігінен келдік. Думан көшесінің сол жақ бетінің 16 үйін алдық. Соның қазір бесеуін жөндеп жатырмыз. Үшеуі демонтажға кетті, екеуінің шатырын қайта жабу керек.

Жалпы, Жамбыл облысы үшінші секторға жауапты десек, олардың аумағына 327 үй кіреді. Дегенмен, үй-жайын ретке келтіріп жатса да қорқынышты жарылыс арыстықтардың жүрегіне ұялап қалған. 16 жылдан бері әскери бөлім ішінде еден жуушы болып келе жатқан Гүлсім апаның пәтері тұруға жарамсыз болып қалған. Мынау соның көрінісі. Әскери бөлімде жүріп, соңғы 10 жылда 4 бірдей апатқа куә болған.

Гүлсім Тұрсынбекова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Тура тұсымызда түсіп жатты, жарылып, сол кезде жерге жатып алдық. Жанымызда бәрі өртеніп жатты. Сол біз өртеніп жатқан шөптен аттадық. Арғы жағы күл болып жатыр екен.

Соңғы мәлімет бойынша, бүгінге дейін Арыстағы жөндеуге жататын 6 мыңнан астам үйдің 80-і жөнделіп біткен. Төтенше жағдайлар комитетінің есебінше, ондағы жалпы үйлерді қалпына келтіруге шамамен 20 миллиард теңге қажет.

Владимир Беккер, Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Алдын ала мәлімет бойынша бұзылған үйлерді түгел қайта қалпына келтіру үшін 20 миллиардтай теңге қажет. Бұл сомма әлі де өзгеруі мүмкін. Нақты қанша қаражат қажет екені шілденің 15-інде айтылады.

Жер-жерден жөнелтілген азық-түлік атаулының 5 тоннасы бүгінде жарамсыз болып қалыпты. Электр көзінің ажырауынан сақтайтын салқын жер болмай, осындай жағдайға тап болыпты. Мамандар оның бәрінің көзін жойған.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде