{metadescription}
Қазақ-қырғыз шекарасындағы кептеліс неден туындаған?
Қазақ-қырғыз шекарасындағы кептеліс неден туындаған?

Қазақ-қырғыз шекарасындағы кептеліс неден туындаған?

«Ақ тілек» кеден бекетінде 400-ге жуық жүк көлігі екі күннен бері өгіз аяңмен жылжып, Қазақстан аумағына әрең өтіп жатыр. Шекараның бергі бетіндегі жағдай бүгін тұрақталды. Ұзын-сонар кезекте тұрған жүргізушілердің тағаты да жанармайы да таусылған.

Қырғызстанның кеден бекетіндегі кептеліс міне, екінші күнге созылуда. Арлы-берлі қозғалыс бәсеңдеп, кезегін күткен жүк көліктері сағат санап артып жатыр. Қаз-қатар тізілген көліктердің саны 300-ден асып жығылады. Кептеліс шамамен 3 шақырымға созылған. Тонналап жүк тиеген жүргізушілерге күннің ыстығы жығылғанға жұдырық болып тұр. Сабыры сарқылып, жүйкесі жұқарған тасымалдаушылар аптап ыстықта тиеген азық-түлік бүлініп, шығынға баттық деп шырылдайды.

Юрий Олшанский, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Бір түнде небәрі 300 метрге қозғалдым. Сұмдық қой бұл. Тиеген азық-түлік іріп-шіритін болды. Кәсіпкерлерге қалтамыздан төлейміз бе. Қырғызстаннан жылдам өтесің. Ал қазақстандық кеденшілер өте сылбыр жұмыс істейді.

Шекарада қаңтарылып тұрған жүргізушілердің бірі көз шырымын алуды жөн көрсе, енді бірі өгіз аяңмен жылжыған кептеліске телміріп шаршаған. Есесіне, «Ақ тілек» кеден бекетінің маңындағы дүңгіршектердің саудасы қыз-қыз қайнап жатыр. Саудагерлер тіпті сусын, тамақты көлікпен тасып жүр. Сондай-ақ, жүргізушілер жақын маңдағы жанармай бекетіне қайта-қайта баруға мәжбүр.

Александр Данилкин, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Кеденшілер екі-үш адамнан отырып алған. Ұзақ тексереді. Біз көлік ішінде мұздатқыш қосамыз. Жағармайға көп ақша кетіп жатыр. Ешкім мән-жайды түсіндіріп жатқан жоқ. Әлі қанша уақыт тұратынымыз белгісіз.

Ал Қазақстандағы «Қарасу бекетінде» ұзын-сонар кептеліс кеше болған. Әлеуметтік желіде таралған видеода көлік тізбегі бірнеше шақырымға созылғанын байқауға болады. Шиеленіскен ахуал бүгін тұрақталды. Тасымалдаушылар айыр қалпақты ағайындар еліне еш қиындықсыз әрі жылдам өтуде.

Қанатбек Сұлтанов, ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз хатшысы:

- Шекара қызметі тарапынан проблема туындап жатқан жоқ. Әрбір автокөлікке орташа есеппен 10-15 минутта уақыт кетіп жатыр. Құжаты дұрыс жүргізушілер еш кедергісіз өтіп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде