{metadescription}
Көктөбеде үш рет өрт шықты. Бір адамның мәйіті табылған
Көктөбеде үш рет өрт шықты. Бір адамның мәйіті табылған

Көктөбеде үш рет өрт шықты. Бір адамның мәйіті табылған

Көктөбе үшінші рет отқа оранып жатыр. Алматының таулы аймағындағы қызыл жалын әлі де ауыздықталар емес. Осыған дейін төтенше жағдайлар департаменті екі мәрте сөндіргені туралы хабарлаған еді. Екінші өрт кезінде тіпті бір адамның мәйіті табылғаны жөнінде айтылды. Ал қураған шөпке түскен қызыл жалынның қарқыны әлі бәсеңдер емес.

Көктөбе кешеден бері көк түтіннен көз ашар емес. Сағат түскі 2 жарымдарда тұтанған қызыл жалынды ауыздықтауға 2 бірдей тікұшақ жұмылдырылып, барлық аймақ қызметкерлері оны бақылауына алынған болатын. Алғашқы өрт кезінде шамамен мың шаршы метр аумақты тілсіз жау шарпып өткен. Мамандар үш төрт сағат арпалысып, толықтай өшіргенін мәлімдеген еді. Ал жақын маңдағы тұрғындар талай гүлдер мен өсімдіктердің жойылып кеткенін айтып, безек қағуда.    

Татьяна Шупракова:

- Ертеректе мына таулардың барлығы гүлдерге толы болатын. Бәйшешек, қызғалдақ, тіпті қызыл кітапқа енген эремурус та өсетін. Қазір оның біреуі де жоқ. Шамамен 8 жыл бұрын мұнда қатты өрт болып, содан бері өсімдіктердің барлығы құрып жатыр. 

Бұдан кейін кешкі 8-ден өте тағы бір өрттің тұтанғаны туралы хабар түсіп, төтенше жағдайлар қызметі қайтадан құрал-саймандарын жинап тау маңайына аттанған. Алайда бұл жолы тікұшақтардың көмегіне жүгіну де мүмкін болмады. Себебі, қараңғы уақытта олар ұша алмайды. Сондықтан қиын болса да қисынын тауып тауға өрт сөндіру көліктерін жеткізуге тура келді. 37 арнайы техника мен қалаға су шашатын 28 көліктің барлығы түнгі уақытта тілсіз жаумен күресуге кірісті. 

Серік Әубәкіров, Алматы қаласы ТЖД бастығы:

- Бұл жер тұрғын үйлерге жақын болғандықтан қауіп болды. Бірінші өртті сөндіргеннен кейін, арада 22 минут өткен соң екінші өрттің тұтанғаны туралы хабар жетті. Географиялық жағынан бір жерде орналасқанымен, екеуінің ара қашықтығы екі бөлек. Қараңғы батып кеткендіктен тікұшақты ұшыра алмайтынымызды түсіндік. Сондықтан Алматы гарнизонының бүкіл жеке құрамы аяғынан тік тұрды.

Төтенше жағдайлар департаменті екінші өрттің 12 шамасында толықтай сөндірілгені туралы хабарлады. Бірінші мен екінші өрттің арасы 700 метрдей қашықтықты құрайды. Мамандар бұл екеуінің бір-біріне ешқандай қатысы жоқ екенін алға тартты. Сол секілді кешке басталған өртті сөндіру кезінде белгісіз адамның мәйіті табылған. Алғашында қатты жанып кеткендіктен тіпті, жынысын анықтау да мүмкін болмады. Қазіргі таңда, өлім өрттен болды ма әлде мәйітті әдейі әкеп тастауы мүмкін бе дегенге қатысты сот-медициналық сараптама жүргізілуде.   

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

- Ол адамның жеке басын анықтау үшін генетикалық және геномдық сараптамалар тағайындалды. Ал өлімнің себеп-салдарын нақты анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізіледі. Негізі арнайы құрылған тергеу тобының қызметкерлері барлық болжамдарды жоққа шығармайды. Оның ішінде бұл қылмыс болуы мүмкін деген болжам да есепке алынады және жіті тексеріледі.  

Көктөбедегі екі өрт салдарынан 20 гектарға жуық жер күлге айналған. Алайда әр жерден қылаң берген тілсіз жау толықтай ауыздықталар емес. Осы уақытқа дейін мамандар өрт тұрғын үйлердің маңайына жақындаса да эвакуацияламаған. Екі күннен бері жалғасып келе жатқан өрттің кесірінен тұрғындар да қауіпті ойлап, алаңдап отыр. Кеше қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өзі арнайы барып, тұрғындардың өміріне ешқандай қауіп жоқ екенін де әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы хабарлаған еді. Ал төтенше жағдайлар департаменті жұртшылыққа отпен байланысты әрбір іске үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін ескертеді.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде