Қарағанды облысында мүгедек балалардың жазғы лагерін абақтыға теңеді
Қарағанды облысындағы мүгедек балалардың жазғы лагері демалыс орны емес әскери тұтқындар ұсталатын жер! Осылай деп шу көтерген қоғам белсендісі Нияз Сүндетәлиев, «Солнечный» демалыс лагерінедегі мүгедек балалармен кездесуге барғанда көргенін желіге жария етті. Артынша демалыс орнына Білім министрілігі құрған арнайы комиссия барған еді. Бірақ олар лагердегі балалар дамалысында талапқа сай келмейтін олқылықтарды анықтамаған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
19.08.2019
Нияз Сүндетәлиев, мүгедектердің құқығын қорғауға барынша атсалысып жүрген жан. Оны «Солнечный» жазғы лагеріне балалармен кездесуге шақырған білім басқармасы қазір бармағын тістеп отырғаны сөзсіз. Өйткені оның көзіне түскен мына жайттар желіде бірден жария болды. Айтуынша, демалыс орнына келгендегі жарымжан балалардың күйі оны бейжай қалдырмапты.
Нияз Сүндетәлиев, қоғам белсендісі:
- Балалар ойнайтын және спорт алаңқайлары жоқ. Ғимараттың ішіндегі қабырғалары қақырап тұр. Терезелер кір. Асханада шыбын толып жүр. Құбырлардан су ағады. Акт залының үстінен су аққан жерлер байқалады.
Жазғы лагерь басшылығы мұнда кеңес заманына бері аракідік қана жүргенін жасырмайды. Оның үстіне бұл жерді жылда су басады екен. Мұнда демалушы балалар саны да жылдан жылға азайып келеді. Сондықтан білім басқармасы болашақта бұл лагерден бас тарту туралы шешімі қабылданған. Соңғы екі үш жылда бюджеттен күрделі жөндеуге қаражат бөлуді қарастырмауы да сондықтан. Алайда, бұл жердегі ахуал блогердің желіге жариалағанымен мүлде сәйкес келмейді дейді олар.
Жанар Сыздықова, Балалар үйінің директоры:
- Киім-кешекті күтушілер жуады. Балалар өз кір қоңын жуады екен, лас жерде жатады, қарындары аш деген шындыққа мүлде сай келмейді. Ол желіге жариялаған суреттер жұмыс істемейтін, жабық тұрған ғимараттар мен аулалар. Жан жақты тексерілмеген дүниеден сын жасау адамшылыққа жатпайды деп санаймын.
Астанадан келген арнайы комиссия да балалар тұратын жерді жіті тексерген. Жататын төсектерін, асхананы, ойын сауық алаңдарды да аралап көріпті. Министр кеңесшісі тіпті балалармен әңгіме дүкен құрып, кішкентайлардың тамырын басып көрген.
Раиса Шер, Білім минстрінің кеңесшісі:
- Менен бірдеңе жасырып тұрған болар деп, балалардан, қарындарың тоқ па деп сұрадым. 4 уақыт тамақ ішетіндерін айтып шу ете түсті. Жақсы демалып жатқандары жүздерінен ақ байқалады. Иә, лагер су жаңа емес екенін мойындау керек, бірақ, баланың демалуына толық жағдай жасалған деп санаймын.
Дегенмен келесі жылы бұл лагер жабылмақ. Мүгедек балаларды жолдама бойынша басқа жерлерге орналастырамыз дейді шенеуніктер. Ал блогердің ақ-қараны анықтамай жазған сынынан даудың ортасында қалған балалар үйінің директоры өз еркімен жұмыстан кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!