«Әке, оралыңызшы!» Тянь-Шаньда жоғалған қазақстандық альпинистер әлі табылмай жатыр
Тянь-Шаньда із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық альпинистер әлі табылмай жатыр. Мұрат Өтепбаев, Александр Чечулин мен Андрей Корнеев қырғыз жақтағы биіктігі 7 мың метрден асатын Жеңіс шыңын бағындыруға аттанған. Алайда, кері жолда боран соғып, қар көшкіні жүріпті. Оқыс оқиғада альпинистердің бірі қаза тапқан. Десе де, екеуі тірі деген болжам бар.
Автор: Аруна Ортай
19.08.2019
Жоғалғандарды іздеумен Эверестті бағындырған тұңғыш қазақ Мақсұт Жұмаев бастаған альпинистер тобы мен Қорғаныс министрлігінің арнайы жасағы айналысып жатыр.
Қырғызстанның бас айналдырар биіктігін бағындыруға кеткен жерлестеріміз соңғы мәрте бес күн бұрын байланысқа шығыпты. Қар көшкіні астында қалып қойған альпинистер сүйектен өткен суықта жолдастары Александр Чечулиннің қайтыс болғанын хабарлаған. Содан өздері де іс-түссіз жоғалды. Ізім-қайым кеткен жерлестерімізді бірінші боп қырғыз жақ іздеп таппақ болған. Алайда, қар құрсауындағы жоталардан бірде-бір тіршілік белгісі білінбепті. Десе де, Андрей Корнеев пен Мұрат Өтепбаевтың туыстары олардың әлде де тірі екеніне сенімді. Сондықтан, оларды тезірек құтқаруды жылап сұрады.
Айгүл Матай, жоғалған альпинист М. Өтепбаевтың қызы:
- Олардың тірі екеніне сенемін. Әке, оралыңызшы.
Қырғыз тауларында қазақ альпинстері жоғалды деген ақпарат тараған бойда әскерилер мен альпинистер бірден жолға шықты. Құтқарушылар тобында Эверестті бағындырған Мақсұт Жұмаев, Аманжол Рахметов пен Василий Пивцов секілді атақты альпинстер бар. Бірақ Жеңіс шыңы оларға да жеңістік бермей тұр. Белгілі болғандай, шатқалдағы ауа-райы бүгін де бұзылып, құтқарушылар тауға шыға алмапты.
Василий Пивцов, іздеу тобының жетекшісі:
- Іздеу тобы Қарқараға жетті. 2200 метр биіктікте тұрмыз. Қазір ұшу мүмкін болмай тұр. Оған себеп, ауа-райы қолайсыздығы. Ертең күн ашылады деп сенеміз. Тірі қалғандарды тікұшақпен жылы сезгіш құралмен іздейміз.
Яғни іздеу жұмыстары ертеңге қалды. Айта кетейік, жерлестеріміз жоғалған Жеңіс шыңы – әлемдегі ең қауіпті шыңдардың бірі саналады. Биіктігі 7439 метр тау алыбын бағындырғысы келетіндер, көбіне, ауа-райынан батпайды. Бірақ, біздің альпинистер де осал емес. Мәселен, жоғалғандардың бірі Мұрат Өтепов осыдан үш жыл бұрын Эвересттегі қар көшкінінен аман-есен шыққан. Оқыс оқиғада 80 альпинист қаза тапқан болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!