{metadescription}
Алматы: Сергелдеңге түскен үлескерлер Үкіметтен көмек сұрайды
Алматы: Сергелдеңге түскен үлескерлер Үкіметтен көмек сұрайды

Алматы: Сергелдеңге түскен үлескерлер Үкіметтен көмек сұрайды

Алматыда үлескерлер көшеге шатыр тігіп наразылық білдірді. Баспанасын даулағандар былтыр желтоқсан айынан бері «Восточка» тұрғын кешеніндегі пәтеріне кіре алмай жүр. Олар сиырқұймшақтанған уәде тағы келер жылға созыла ма деп қауіптенеді. Үлескерлердің арасында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен үйге өтініш бергендер де көп. Жиған-тергенін болашақ баспанасына салып, аузы күйгендер енді Үкіметтен көмек сұрайды.

«Восточка» тұрғын үй кешеніндегі баспанасының балконына шығып Алатауға көз тастап тұруы тиіс бір топ алматылық көше бойында шатыр тігіп әлек. Үлескерлердің бір бөлігі құрылыс басында жанайқайы жазылған плакат іліп жүр. Шыжыған күннің астында денсаулығы сыр берсе деп, көмек қолын созуға жедел жәрдем жетіп үлгерді. Ал жиған-тергенін болашақ пәтеріне төлеп үміті үзілген ағайын көшеде қаңғырып қалғанын айтады. Арызын арқалағандардың арасында «7-20-25» бағдарламасынан аузы күйгендер көп. 

Күлпәш Төлтаева:

- Мен қызым үшін келіп отырмын. Қызым бүкіл жинаған ақшасын 20 пайызға салды. Үкімет бір шара қолдану керек қой. Үкіметке, «СамұрықҚазынаға» сеніп едік. Әйтпесе, жекеменшік болмаса, біз оған ақша салмайтын едік.

Нұрбол Жұманов:

- Ипотеканы төлеп жатырмыз. Бірақ өз пәтерімізге өзіміз кіре алмай жатырмыз. Бұл қашанға дейін жалғасады?! Ай сайын 70 мыңнан төлеп отырмын, 20 жылға. Және жалдамалы пәтерге де төлеп жүрмін. Енді не істеймін, білмеймін, басқа амал жоқ. Кімге барамыз? Бізді кім қорғайды?

Үлескерлердің айтуынша, тұрғын кешеніндегі 24 көпқабатты үйде 1700 пәтер бар. Оның ішінде 16 үй «Самұрық-Қазынаға» тиесілі деген топ, «қалғанына жауапты құрылыс компаниясы қаржы жоқтығын сылтауратады» дейді.

Келісім-шарт бойынша, үлескерлердің алдыңғы легі былтыр желтоқсан айында тұрғын кешеніне көшіп келуі тиіс екен. Алайда арада 8 ай өтсе де ешқандай тіршілік байқалмайды. Тіпті шыдамы шегіне жеткен үлескерлер соңғы уақытта құрылыс жұмыстары тоқтап тұрғанын айтады.

Шатыр ішіне жайғасқан жұртты қалалық әкімдік өкілдері түстен кейін дөңгелек үстел басына жинап ымыраға келуге тырысты. Алқалы жиында құрылыс компаниясы мен өзге де мекеме өкілдері төбе көрсетті. Бірақ жауаптыларды сан сұрақтың астына алған үлескерлердің бір жарым сағатқа созылған жүздесуге көңілі толмады.

- Қазір шығамыз, ешнәрсе түсініксіз. Біз нені талқыладық? Нақты ештеңені талқыламадық... Біз тағы да құр уәдені тыңдап шықтық...

Алайда әкімдік өкілдері үлескерлердің мәселесі «жіті қадағалауда» дейді. Бұл уақытқа дейін құрылыс компаниясы 260 миллион теңге несие алып, шама-шарқынша құрылысты жалғастырған көрінеді. 

Мұхит Әзірбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Бірақ, әрине, ол жеткіліксіз. Бағанағы құрылыс компаниясы тағы да 700 миллион теңге деп айтып отыр. Ол мәселе 8 үйдің проблемасын шешеді. «СамұрықҚазына» өкілі айтты, қазір 16 үйді жаңа үй салушы, жаңа компаниямен шарт жасау мәселесімен айналысып жатыр.

Әкімдіктегілер алдағы бір аптада үлескерлердің базынасын біржақты етуге уәде беріп отыр. Бірақ, сегіз ай бойы сергелдеңге түскен жұртқа пәтерлерінің кілті қашан қолына тиетінін сол күйі ешкім айтып бере алмады.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде