{metadescription}
Оқушының мектепте еден жуғаны дұрыс па?
Оқушының мектепте еден жуғаны дұрыс па?

Оқушының мектепте еден жуғаны дұрыс па?

Білім министрі оқушылардың еден жууына қатысты мәлімдеме жасады. Қоғамда үлкен дау тудырған бастама «ата-аналар мен оқушылардың келісімі арқылы жүргізілуі тиіс» дейді Асхат Аймағамбетов. Қазірдің өзінде Елордадағы кейбір мектептерде оқушылар сыныпты өздері жуып-шайып жүр. Тек мұны ата-аналардың барлығы бірдей құптап отырған жоқ. 

Елордадағы 85 мектеп жапондық тәжірибе енгізілген білім ошақтарының бірі. Мұнда оқушылар еденді сыпырып, шаң сүртіп, сыныпты таза ұстауға жауапты. Сондықтан сабақ арасында қолына шүберек алып парта мен тақтаны осүртумен әлек.

Назерке Мұстафа, оқушы:  

- Кейбір балалар сабақтан кейін қоқыс тастап кетеді. Сондықтан сыныпты жинақы ұстау үшін еденді жуу керек деп ойлаймын.

Мектеп басшылығы оқушыларға осылай тәрбие беріп, «біреудің еңбегін құрметтеуді үйретеміз» дейді. Сондықтан 1-4 сынып оқушыларына дейін асханада ыдыс-аяқ жинап жүруді әдетке айналдырып үлгерген.

Дегенмен мақтаулы Шығыс тәжірибесінің елордалық мектептерге енгізілуі қазір қызу пікірталас туғызуда. Ата-аналардың бірі бастаманы қолдаса, енді бірі онсыз да сабақтан шаршап ұйқылы-ояу жүретін ұл-қыздарын артық жұмысқа жегуге қарсы.

Армангүл Әбілтаева, ата-ана:

- Бұрынғы кездегідей емес, қазір оқушылардың уақыты жоқ. Мәселен, балам мектептен шыққан бойда түскі асын ішіп, үйірмесіне кетеді. Барлығы уақыт бойынша жоспарланған.

Ал, ата-аналар өзара осылай дауласып жүргенде елордалық білім басқармасының басшысы ерекше челленджді бастады. Оқушыларды қолдаған ол, қолғап киіп, жұмыс кабинетін өзі жуып-шайып жүр.

Әнуар Жанғозин, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы:

- Жалпы осының бәріне 1520 минут кетеді. Ауыр нәрсе емес деп ойлаймын. Шаң сүртемін. Содан кейін еден жуамын. Менде кабинет үлкен емес.

Ал еліміздің бас ұстазы оқушыларға еден жуғызу «заңға қайшы емес» дейді. Дегенмен ол үшін ата-аналардың ортақ келісімі болуы керек. «Өзім де еден жуып жүріп, білім алдым» деген министр оқушылардың «ешқайсысын мәжбүрлемейміз» дейді.

Асхат Аймағамбетов, Білім және ғылым министрі:

- Ол уақытта мұндай қатты резонанс, әрине, болған жоқ. Біз парта жудық, еденді де жудық. Оны тәртіп ретінде қабылдап, ешқандай басқа – жууға болмайды деген ойымыз болмайтын.

Кезіндегі кеңестік, қазіргі Шығыс тәжірибесін әзірге Нұр-Сұлтандағы 10 шақты мектеп қолдаған. Жартысында еденді оқушылар жуса, қалғанында шаң сүртумен шектеледі.

Айта кету керек, мұндай бастаманы барлық білім ордасында енгізу міндетті емес. Ұл-қыздарға еден жуғызу-жуғызбау – әр мектеп директорының құзыретінде.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде