{metadescription}
Көп балалы отбасылар табысын жасырып, бірнеше ай бойы бюджеттің ақшасын алып отырған
Көп балалы отбасылар табысын жасырып, бірнеше ай бойы бюджеттің ақшасын алып отырған

Көп балалы отбасылар табысын жасырып, бірнеше ай бойы бюджеттің ақшасын алып отырған

Теміртауда көпбалалы 113 отбасы көктемде тағайындалған атаулы әлеуметттік көмектен қағылды. Шенеуніктердің айтуынша, олар табысын төмендетіп көрсетіп, бірнеше ай бойы бюджет ақшасын алып келген. Енді бәрі 30 күн ішінде осы уақытта алған қаражаттты мемлекетке қайтаруы тиіс. Алайда «айлығымыз шайлыққа жетпейді» деген жұрт Теміртаудағы еңбекпен қамту бөліміне жиналып, шу шығарды.

- Бұл солардың жіберген қателігі, өздері комиссия құрды, қалай бар, солай айту керек еді. 

Теміртау қаласының әлеуметтік көмек көрсету орталығында 100-ден астам ана балаларын ертіп келген. Көп балалы отбасылар атаулы әлеуметтік жәрдемақының аяқ астынан тоқтап қалғанына наразы.

Гүлназ Мирашева Теміртау қаласының тұрғыны:

- Сізде жасырын табыс бар дейді. Ешқандай жасырын табыс жоқ. Күйеуім жұмыстан шығып қалды, балама бір жасқа дейін жәрдемақы да тоқтады. 323 мың теңге қайта төлейсің деп жатыр. Күйеуім мүгедектік алды. Өзіміз екі бөлмелі пәтер жалдап тұрамыз.

Арнайы комиссия әр отбасынынң табысын жіті тексеріпті. Тіпті әр үйге бас сұғып, ішіп-жеп отырғандарымен қоса, қолда бар дүние-мүлікті тіркеген.

- Үйіңде тоңазытқыш, теледидар бар, жағдайың жақсы деп шешім шығарған.

Енді бөлмелерінде жаңа тұсқағаз жапсырғандар мен асын тоңазытқышқа сақтап, теледидар көріп отырғандар мемлекеттен алғандарын қайтаруы тиіс.

Айсұлу Бөлекбаева, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Маған 95 мың осы айда 30 күннің ішінде төле дейді. Ал жолдасымның 100 мыңнан аса 110120 теңге алатын болса, мен бұны қалай қайтарамын? Қалған күндері балаларымды қалай асыраймын?! Мен өзім үйде декреттік демалыста отырмын. Енді мен бұл соманы төлей алмаймын.

Шенеуніктер әу бастан-ақ осы науқанның дұрыс жүзеге асырылмағанын мойындайды. «Президент айтты» екен деп үн қатқанның барлығын жағдайы нашар деп тіркей берген. Сол себепті Теміртауда атаулы көмек алатын 2 мыңнан астам отбасының 113-інің кіріс-шығысынан асып тұрғаны әшкере болыпты. 

Мирас Құттыбай, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- Жүйе дұрыс жасалмаған. Міне, қазір сол фактілердің барлығы орнына келтіріліп жатыр. Кейбір отбасылар жолдасының ғана кірістерін жазып, өзінікін көрсетпеген. Жағдайы төмен деп тапсырылған отбасылар, мысалы осы үш айдың ішінде үй сатып алған. 2 миллион 400 мыңға дейін бір адам үй алған. Ол кіріс деп есептеледі. Туған туысқандарым көмектесті дейді, бұл кіріс деп есептеледі.

Биліктегілер аталмыш тізімге іліккендердің барлығының табысы тағы бір жіті тексеріледі дейді. Алайда етегі жасқа толып табысын жасырғандары нақтыланса, бюджеттен алғанын қайтаруы керек. «Көнбегендерінен ақшаны сот арқылы өндіреміз», - дейді олар.

Кеше

21 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде